Электрондық еңбек биржасы порталында жаңа функция іске қосылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – ЭЕБ) порталында жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді проактив форматта тағайындауға мүмкіндік беретін жаңа функцияны іске қосты.
Биыл мамыр айынан бастап ЭЕБ-да Қазақстанның жұмыс берушілері үшін жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік демалыстарды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркеу мүмкіндігі берілді. Осының арқасында демалысқа шыққан қызметкерлерге тиісті әлеуметтік төлемді тағайындауды өтініш берушінің қатысуынсыз проактив форматта жүзеге асыруға болады. Бұл көрсетілетін қызметті алушыларғдың осы төлемді алуға өтініш беру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бармауына мүмкіндік береді.
Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік демалысқа шыққан жұмыскерге төлемді проактив түрде тағайындау үшін жұмыс беруші жұмыскердің шығу фактісін ЭЕБ порталындағы жеке кабинетте тіркеуі қажет. Деректер еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жіберіледі, одан сұрау салу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жолданады. Бұл ретте, көрсетілетін қызметті алушыға SMS-хабарлама арқылы проактив форматта әлеуметтік төлем тағайындауға келісімін алу бойынша сұрау түседі, оған үш күн ішінде жауап беру қажет болады.