$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.05.2021, 13:55
Қоғам

Алматыда антитеррорлық мақсатта қойылған бағандар қиратылып жатыр (ФОТО)

Тұрғындар бұған наразылық білдірді

Алматыда антитеррорлық мақсатта қойылған бағандар қиратылып жатыр (ФОТО)

Алматыда 2017 жылы қаладағы адамдар көп жиналатын және стратегиялық маңызы бар нысандардың айналасына арнайы кедергілер (болларды- ред.) қойыла бастаған болатын. Бұл біріншіден адамдар қауіпсіздігі үшін және террорлық әрекеттерден қорғаныш құралы ретінде қолға алынған. Автокөліктің бұзып-жарып кіруіне кедергі болатын бағандардың қойылғанына көп уақыт өтпесе де, қала әкімдігі оларды қайта бұза бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Әлі ескірмеген бағандарды түбімен қопарып, қоқысқа айналдырғанын әлеуметтік желі қолданушылары жазған болатын. Атап айтқанда, биыл 7 мамырда Anatoliy Ivanov-Weisskopf есімді Facebook қолданушысы антитеррорлық мақсатта орнатылған қоршаулардың қирандыға айналғанына қынжылыс білдірген. Пост авторы бағандардың Достық даңғылы бойынан алынып тасталғанын, ал соңғы күндері Медеу ауданындағы Тереңқұр аймағында да қоқысқа кетіп жатқанын жазды. Төрт жыл бұрын орнатылған құрылғылардың қандай мақсатпен бұзылғанына жергілікті әкімдік жауап беруі тиіс, дейді Анатолий Иванов.

Отан қорғаушылар мерекесінің қарсаңында Алматыдағы Оқушылар сарайының маңынан жүзедеген метрге орнатылған бағандар алынып тасталды. Қала әкімдігінің тапсырысымен жасалып жатқан жұмыс деген құрылысшылар оларды белгісіз бағытқа алып кеткен.

ҚР ҰҚК отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов ірі мегаполистерде мұндай бағандар террорлық пиғылды жүзеге асыруға белгілі бір мөлшерде кедергі келтіретінін айтады. Алматы қаласындағы аталған кедергілердің пайда болуына 2016-2017 жылдарда Еуропа елдерінде болған лаңкестік оқиғалардың түрткі болғаны анық. Шаһарда бірнеше полиция қызметкерін атып өлтірген Күлекбаев оқиғасы да қоғамдық жерлер мен стратегиялық нысандардағы қауіпсіздікті күшейтуге ықпал етті, дейді сарапшы.

«Мұндай кедергілер негізінен адамдар көп жүретін жерлерге орнатылуы керек. Халық жаппай келетін орындарға, соның ішінде саябақ, балалар көп қатынайтын арнайы мекемелер мен скверлердің айналасы қауіпсіз болуы тиіс. Қазір терроризмнің жаңа түрі пайда болды. Оны біз Францияда болған ірі ланкестік оқиғадан соң білдік. 2016 жылы Ницца қаласында жүк көлігі тәуелсіздік мерекесін тойлап жатқан халықты жаншып өтіп, 70 адам қаза тапты. Ал, 2017 жылы сәуірде дәл осындай оқиға Стокгольмде қайталанып, жүк машинасын басқарған жүргізуші бірнеше адамды қағып өлтірген еді. Осы оқиғалар әлем қалалары үшін сабақ болды. Алматыда да аталған жағдайдан соң террорлық әрекеттерге қарсы арнайы құрылғыларды орнатуды қолға алған. Жақында мен әлеуметтік желіден осындай барьерлердің бұзылып жатқаны туралы ақпаратты көзім шалды», - дейді Арат Нарманбетов.

ҰҚК ардагері темір бағандардың не үшін алынып тасталғанын түсіне алмай дал. Оның пікірінше, қауіпсіздік бағандары адамдарды қорғауы өз алдына, қаланың эстетикалық келбетіне мүлдем кереғар емес. Сондықтан, жергілікті әкімдік бұл әрекетін жария түрде түсіндірсін дейді ол.

«Кеше ғана Қазан қаласында болған оқиға қазіргі Алматы билігіне сабақ болуы тиіс. Қазір Батыс елдерінде ғана болатын тенденция бізге де жақындап келеді. Қасымыздағы Ресейде осындай қанқұйлы терактінің бірнешеуі қайталанды. Сондықтан Алматы әкімдігі болсын, өзге де мекемелер үшін бұл ескерту екенін ұмытпауымыз керек. Наурыз мейрамы, мамыр мерекелері немесе қандайда бір митингтер өтетін аумақтардың барлығында осындай қорғаныш құралдары болуы тиіс. Ал осы кезге дейін салынғандарды қиратып тастау – қазіргідей қаржы игерудің немесе өзге де астыртын саясаттың құралына айналмауы тиіс», - дейді қауіпсіздік саласының ардагері.

Алматы тұрғындары сондай-ақ, Кіші Алматы өзені маңында осыдан 5 жыл бұрын ғана салынған спорттық құрылғылар мен балалар алаңының бұзылғанына наразы. Қалалық әкімдік өзен арналарын, скверлер мен саябақтарды, сонымен қатар қаладағы адамадар көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру барысында әлі тозбаған мүліктерді де түп-тамырымен қопарып жатыр.

Биыл 3 мамырда қала басшысы Бақытжан Сағынтаев Кіші Алматы мен Есентай өзендерінің су бөлу гидротехникалық құрылысымен танысқан. Одан бөлек, әкім жаяу жүргінші жолы конструкциясын баспалдақсыз етіп өзгерту қажеттігіне назар аударған. Ол жаяу жүргінші аймағы бойына 350 сыртқы жарықтандыру тірегі, кіші сәулет формалары, қоқыс төгетін жәшіктер, балалар ойын алаңдары мен өтпелі көпір орнатылатынын айтты.

Қала тұрғындары осындағы іргелес аймақтады абаттандыру жұмыстары барысында 2016 жылы салынған спорттық алаңдарды сүріп, қайтадан салу үрдісі белең алғанын айтып отыр. Жаңа форматтағы «Street Workout» спорттық алаңдары қаланың барлық алаңдарында ашылған болатын. Street Workout - көшелерде шұғылдануға арналған спорттық бағыттардың бірі. Бұл дегеніміз, көшедегі спорттық белтемірде, қоссырықта, шведтік стенкада өзінің салмағымен дене шынықтырып, спортпен айналысу.


Алматы, 2017 жыл

«Кіші Алматы өзенінің Сәтбаев көшесімен қиылысатын жеріндегі мына қирандылар адамның жүрегін ауыртады. Мен осы маңда бұрыннан тұрамын. Қателеспесем, осыдан 4-5 жыл бұрын Оқушылар сарайының артындағы мына алаң күрделі жөндеуден өткен болатын. Енді міне, қайта талқандап жатыр. Жаппай ауыстыру басталды. Тұрғындар ауыстырыңдар деген шағым айтқан жоқ. Себебі олар тым жаңа еді. Осы жерге бірер жыл бұрын ғана жөндеу жүргізіліп, осы жасыл-қара түтсі спорттық құрылғылар қойылған еді. Бұл не, ақшаны игерудің бір тәсілі ме, ванадализм бе? Себебін сіз екеуміздің де ішіміз сезіп тұр ғой», - дейді жегілікті тұрғын Қуандық Түменбай.


Қуандық Түменбай

Сау дүниені қиратып жатқан құрылысшылардың бірі бұйрықтың жоғарыдан болғанын айтты. Тіпті, жұмысты шұғыл бітіру керек деген тапсырма да түсіпті.

«Бұл жерге біз жаңасын саламыз. Ескілерін басқа аулаларға орнататын болуы керек. Мен осы жердегі жиектастар мен асфальтқа жауап беремін. Ол үшін осы жердегі спорттық ойын алаңын бұзуға пәрмен берді. Мен орындаушымын. Жарамайтындары жатыр, ал жарайды дегендерін жинап қойдық. Біз бұл жердегі жұмыстарды 15 мамырға дейін бітіруіміз керек», дейді құрлысы компаниясының өкілі.

Инвесторлар қаржысымен бой көтерген заманауи Work out, Street ball және балаларға арналған тиісті аймақтарымен ерекшеленетін алаңдар неге бұзылды? Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің бастамасымен жаңа форматтағы «Street Workout» спорттық алаңның орнына басқа құрылғылар қоюдағы мақсат қандай? Қала бойынша сыры көшпеген спорттық снарядтардың қаншауы ауыстырылды? Жоспар бойынша қаншауы ауысады? Біз бұл сауалдарды редакция атынан Алматы қаласы әкімдігі Жасыл экономика басқармасы мен Алматы қаласы жайлы орта басқармасына және қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаймыз.

Абаттандыру жұмыстары барысында түп орнымен қопарылып, керексіз болып қалған жаңа спорттық құрал-жарақтар мен снарядтарды фотосуреттермен ұсынамыз.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары