«Тас ғасыры»: СҚО-да ауыл тұрғындары төрт күннен бері жарық пен сусыз отыр
Ауыл тұрғындарының әрекетсіз отырған әкімшілікке өкпелі
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Кондратовка ауылында 4 күннен бері жарық пен ауыз су жоқ. Елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз етіп тұрған екі трансформатордың бірі бұзылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
СУДЫ КӨРШІ АУЫЛДАН ТАСУҒА МӘЖБҮР
Ауыл тұрғындары әкімдіктегілердің трансформаторды жөндеуге асықпай отырғанына өкпелі. Істен шыққан қондырғы 50 үй мен су құдығын токпен қамтамасыз етіп тұрған. Салдарынан 200 үйі бар тұтас ауыл халқы ауыз сусыз қалды. Халық 4 күннен бері тіршілік нәрін көрші елді мекендерден тасуға мәжбүр. Судың жоқтығынан жергілікті балабақша да жұмысын уақытша тоқтатқан. Ал мектеп оқушылары сабақ оқып жүр.
«Ауылда орталықтандырылған су құбырына қосылғандар, көшедегі құдықтарды пайдаланатындар бар. Қазір ешқайсысында су жоқ. Тіршілік нәрін «Кондратовка» тәлімбағынан, көрші ауылдардан тасуға мәжбүрміз. Тәлімбақ қатты алыс емес. Бірақ көлігі жоқ адамдарға флягамен су тасу қиынға соғатыны анық. Жуынып-шайынуды былай қойғанда, тамаққа тұтынатын судан тарығып қалдық», - дейді Кондратовка ауылының тұрығыны Елена Безе.
Елді мекен тұрғындарының дені инкубаторда үй құстарының балапанын шығарып, сатады. Электр қуаты болмағандықтан көпшілігінің бастырған жұмыртқасы шіріп кеткен.
«Тас ғасырындағыдай өмір сүріп жатырмыз. 9 мамыр күні жарық сөніп қалды. Инкубатор суып қалмасын деп, көрпеге орап қойдым. Ондай жылудың 4 күн бойы сақталмасы анық. Еңбек далаға кетті. Шайқалған жұмыртқаны лақтырудан басқа амал жоқ. Жылда балапан сатып, ақша табатынмын. Былтыр әрқайсысының бағасы 350 теңге болған. Өзім бала күтімімен үйде отырмын. Ауыл тұрғындары үшін кез келген сома маңызды», - дейді Елена Безе.
Ауыл тұрғындарының инкубаторда бастырған жұмыртқасы ғана емес, тоңазытқыштағы азық-түлігі де жеуге жарамсыз болып қалған. Төрт күн бойы жарықсыз қалған тұрғындар бұл шығындардың өтелетініне сенбейді.
Петерфельд ауылдық округінің әкімі Оралбай Жамалиев ауылдағы жарықты қалпына келтіру үшін тиісті шаралардың атқарылып жатқанын жеткізді. Шенеунік проблеманы дер кезінде шешуге мерекелік демалыс кедергі болғанын айтты.
«Трансформатор - орнынын ала салып, жаңасын қоятын қарапайым зат емес. 9-10 мамыр – демалыс болды. Апаттық қызметті шақыра алмадық. Кеше қажетті қаражат сомасы саналды. Шамамен 2 млн теңге. Негізгі жұмыс аяқталды. Бүгін-ертең ауылда жарық болады», - деп сендірді.
СУ ТАПШЫЛЫҒЫ КӨП АУЫЛДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ
Облыстық әкімдік мәліметінше, биыл облыс ауылдарының 83,5 проценті жыл соңына дейін таза ауыз сумен қамтылады. Бұл мақсатқа ел қазынасынан -11 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Бұл ақшаға Преснов- 1, Преснов-2 және Соколов топтық су құбырлары жаңартылады. Бұдан бөлек жеті ауданда 22 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 50-ден астам ауылға жаңадан құбыр төселіп, су жүйесі жақсартылмақшы. Айта кету қажет еліміздегі ең ұзын су магистралі Солтүстікте Қазақстанда орналасқан. Ал оның 70 пайызы бүгінгі күні әбден тозған. 18 елдімекенге су әлі күнге арнайы көлікпен тасымалданады. Сондықтан жергілікті билік бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отыр.
«Қала маңында орналасқан Якорь ауылында таза ауыз су мәселесі өткір тұр. Мәселені шешу үшін жобалық –сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Сараптамадан өткен соң, жұмыстарды бастаймыз. Ал Пресновка елді мекенінде осы жылдың екінші жартысында су торабы іске қосылады. Жалпы 2021-2025 жылдарға арналған облыстың кешенді дамыту бағдарламасы аясында барлық топтық су құбырларын жаңғыртуды жоспарлап отырмыз», -дейді облыстық энергетика және түкш басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров.
ЖӨНДЕЛГЕН ЖОЛДА САПА ЖОҚ
Кондратовка ауылында жол мәселесі де өзекті проблемалардың бірі. Елді мекенді облыстық маңыздағы трассамен жалғайтын 7 шақырым жол көпшілікті әбден титықтатқан.
«Өткен жылы бюджеттен 146 млн теңге бөлініп, жол жөнделген еді. Қазір оны «жөнделді» деп айтудың өзі қиын. Шұрық-тесік. Облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көлік те жоқ. Ауылдық, облыстық әкімдікке шағымдандық. Алған жауабымыз – тиімсіз болғандықтан қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылған. Ауылда Петропавлға барып жұмыс істейтіндер көп, әсіресе жастар жағы. Автобус қызметіне сұраныс бар. Қалаға қатынау үшін 7 шақырым жердегі Петерфельд ауылына барамыз. Онда қоғамдық көлік уақытымен жүріп тұрады», - дейді ауыл тұрғыны Татьяна Козина.
Тұрғындардың айтуынша, пандемияға дейін облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көлік жұмыс істеген. Өңірде карантин режимі енгізілгенде тоқтап қалған автобус қозғалысы қайта жанданбаған. Халық жарық пен ауыз су мәселесінен кейінгі проблемасы - қоғамдық көлік екенін жеткізді. Алайда оның жуық арада шешілуі екіталай.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО