$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.04.2021, 15:18
Қоғам

«Айырмен шаншып, төрт полицияны атқан»: Қордай қақтығысына қатысқандардың қандай қылмыс жасағаны анықталды

Қақтығыстан 20 полиция жарақат алған

«Айырмен шаншып, төрт полицияны атқан»: Қордай қақтығысына қатысқандардың қандай қылмыс жасағаны анықталды
Фото ашық дереккөзден

Қордай қақтығысы бойынша сотталған азаматтардың қандай қылмыс жасағаны белгілі болды. Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 50 адамға 27 сәуірде үкім шығарған болатын. Олар Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарының аумағында зорлық-зомбылық жасап, өзгенің мүлкін өртеп, атыс қаруларын қолданған. Салдарынан 11 адам опат болды (1 адам жанып жатқан сауда орталығының құлауына байланысты қайтыс болды).  158 тұрғын мен 20 полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарын алған.

Прокурорлар 23 адамды түрмеге қамауды сұраған

Басты сот талқылауы 5 айға жалғасты. Прокурорлар 23 адамға бас бостандығынан айыру, қалғандарына шартты түрде немесе бас бостандығынан шектеу түрінде жаза тағайындауды сұраған. 24 сотталушы өз кінәсін толық мойындаса, 10-ы өз кінәсін ішінара мойындап, 17 адам өздеріне тағылған айыптарды мүлдем мойындамаған. Сот тергеуі мен зерделеуі барысында қасақана адам өлтіріп, полиция қызметкерлеріне қастандық жасағандарға ауыр жаза кесілді.

«Сотталушы Д.Батабасов мылтықпен адамдар тобына дәлдеп оқ атып, салдарынан үш адам қаза тауып, 4 жәбірленуші зардап шеккен. Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, үш адамның өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сотталушы М.Токобай автокөлікпен қасақана бір топ адамды қаққан. Салдарынан жәбірленуші Я.Кииров оқиға болған жерде қайтыс болып, үш жәбірленуші (Р.Харсанов, Ш.Дауров, М.Цуанфуров) әр-түрлі дәрежелі дене жарақаттарын алған. Сотталушы М.Токобайға жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, адам өлтіру және екі адамнан көп адамды өлтіруге оқталғаны, атыс қаруымен заңсыз әрекеттерді жасағаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айыру жаза тағайындалды», - деп хабарлады Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Айырмен ұрып, темірмен басын жарған

Судья Айдарбек Замбаев сотталушы М.Карібаевты жәбірленушіні автокөлікпен қасақана басып өлтіргені үшін 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, М.Солтонаев М.Ясыровты қасақана дәлдеп атып өлтіргені және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, атыс қаруымен заңсыз әрекетке барғаны үшін 17 жылға сотталды. Сортөбелік сотталушылар Щ.Сангуй жәбірленуші Д.Әбдәракімнің кеуде тұсын айырмен түйресе, сотталушы Ю. Чешанло жәбірленушінің басын темір таяқпен жарып өлтірген. Жарақат алған жігітті И.Кимуров, И.Хижин және М.Хижин сынды жігіттер жабылып тепкілеген.

«Сараптама қортындысы бойынша, жәбірленуші айыр және темір таяқшамен соққы алғандықтан қайтыс болған. Басқа сотталушылардың келтірген дене жарақаттары өлімге негіз болмаған. Сотталушылар Ш.Сангуй мен Ю.Чешанлоға жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны және адам өлтіргені үшін 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал сотталушылар И.Кимуров, И.Хижин және М.Хижин адам өлтіру айыбы бойынша ақталып, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін сотталды», - деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.

Төрт полицияны атып жарақаттаған

Алдағы 16 жылын түрмеде өткізетін Э.Дауров қақтығыс кезінде  мылтықпен 4 полицияны атып жарақаттаған. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 156 тұрғын үй мен сауда нысандары, 102 автокөлік бүлініп, меншік иелеріне 829 миллион теңгенің шығынын келтірді. Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметтік 10 автокөлігі бүлінген. Мемлекетке 3 миллион 291 мың тенге залал келтірілген. Жаппай тәртіпсіздіктердің басталуына жоғарыда аталған ауылдардағы тұрғындарының арасында туындаған тұрмыстық жағдайлар негіз болған. Бұған дейін, сот үкімімен бұзақылық әрекеттер мен денсаулыққа зиян келтіріп, билік өкіліне қатысты күш қолданғаны, жарылғыш құрылғыларды дайындағаны және сақтағаны үшін 6 адам сотталған еді.

«Сот істеріне 2 мемлекеттік айыптаушы (прокурор), 366 жәбірленуші, 16 жәбірленушінің өкілі, 36 адвокат, 10 қорғаушы, 4 аудармашы қатысты. 50 адамды кінәлі деп танып, 1 адам айыбының дәлелденбеуіне байланысты ақталды. Сотталушылардың кінәлары жәбірленушілердің, куәлардың, медициналық, трассологиялық, биологиялық, молекулярлық-генетикалық, филологиялық, өрт-техникалық сараптамалардың қорытындысымен, бақылау камераларының бейнежазбасымен, жасырын тергеу әрекеттерінің қортындысымен дәлелденген», - деп көрсетті сотта.

Жалпылай алғанда, 19 жігіт 5 жылдан 20 жыл аралығында түрмеге қамалды. 24 азамат шартты түрде бас бостандығынан, тағы 7 адамға бас бостандығынан шектеу жазаларына кесілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы

Серіктес жаңалықтары