Қордайдағы қақтығысқа себепкер болған жігіттердің отбасы түгел көшіп кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Полицейді ұрып сотталғандар бүгінде бостандыққа шыққан

Inbusiness.kz

Қордай оқиғасына бір жылдан асса да, тұрғындар өртенген техникалары үшін ешқандай өтемақы алмаған. 2020 жылдың ақпанында болған қақтығыс кезінде үйлер қирап, 62 көлік жанып кеткен еді. Ал, полицейлерді ұрып, сол кездегі жаппай қақтығысқа себепкер болған сортөбелік жігіттер түрмеден шығып, туғандарымен бірге өзге өңірлерге көшіп кетіпті.

Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарындағы төбелес кезінде 65 нысан өртенді. 46 тұрғын үй, 18 кәсіпкерлік, 1 шаруашылық нысандардан бөлек, жүзден аса тұрғын үйдің терезесі сынып, жеңіл деңгейде зақымданған. Жергілікті тұрғын Юсуп Паровтың отбасын «асырап» келген «ВАЗ» автокөлігі үйімен бірге жанып кетіпті. Қария көлігімен көкеніс тасып жан баққан екен. Көлігінің өтемақысын әлі ала алмаса да, баспанасын толықтай жаңалап алған. Мемлекет зейнеткерге 4 миллион теңгеге жуық қаражат төлеген.

«Пандемия болғандықтан жөндеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшыларды табу қиын болды. Бұрынғы үйім бес бөлмелі болса, қазір ол сегіз бөлмеге айналды. Іші-сыртын түгел жаңалап, еңсесін биіктетіп, көлемін де кеңейттім. Әкімдік жақсы көмектесті, ақшадан бөлек құрылыс материалдарын да алып берді. Машинам үшін ешкім өтемақы төлемеді. Өртенген жигулиім бір жылдан аса есік алдында жатқан еді, жуырда утилизацияға өткізіп жібердім», - деді зейнеткер.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 47 жеңіл, 9 жүк көлігі, 2 трактор мен 4 тіркеме жанып кеткен. Әкімдіктің хабарлауынша, ауылды қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталып, қазіргі кезде екі ұлттың (қазақтар мен дүнгендер – авт.) арасындағы саяси ахуал тұрақтанған. Татуластыру жұмыстары бір жыл бойы жүргізілген.

Өртенген 9 жүк көлігінің бірі Абдурашид Багиевке тиесілі болған. Оның айтуынша, тек көліктің өзінен келген шығын 11 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражатты әлі ала алмаса да, Абдурашид үйі мен ауласын кеңейтіп әрі жаңалап алыпты.

 «44 жастамын. Екі немерем бар. Баспанамыз мынау міне, мемлекет қаржылай да, құрылыс материалдарымен де көмектескен. «Volvo» маркалы ауыр жүк көлігім және жеңіл машинам жанып кетті. Сараптама жасаған адамдар оны 11 миллион теңгеге бағалады. Қазақстанның өзге облыстарына, Қырғызстанға көкеніс тасушы едім. Жұмыссыз қалдым ұзақ уақыт. Былтыр оқиға болған кезде елмен бірге мен де арыз жаздым, соттан ешқандай хабар жоқ. Уақытша жүргізуші болып орналастым», - деді ол.

Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің сөзінше, автокөліктерге келген шығынның құнын сот шығарады. Мемлекет зардап шеккен әр отбасына жарты миллион теңгеден астам бір жолғы өтемақы төлеген. Одан бөлек әрбір үй мемлекет пен демеушілердің арқасында толықтай жаңартылған. Қазіргі уақытта 51 адамның үстінен сот процесі жүріп жатыр. Ал, өртенген көліктерге мемлекеттен қаржы төлеу қарастырылмаған.

«Өртенген автокөліктерге қатысты шешімді сот шығарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік мәселелер өз шешімдерін тапты. Облыс әкімінің қадағалауымен әрі қолдауымен жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Былтыр аудандағы 392 жобаға 35 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 11 миллиард теңгеге 22 ауыл газдандырылып, аудан бүгінде 95% газбен қамтылған. 6,9 миллиард теңгеге көшелер жөнделген. 7,4 км жаңа жол салынып, ауданарлық 40 км, ауылішілік 290 км жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 9 ауылдың көшесі 100% жаңарды. 3 мектеп, 4 сауықтыру кешені салынды. 6 ауылға ауыз су тартылды. Қазір ауылдарды абаттандыруға және жарықтандыру жұмыстарына да көп көңіл бөлініп отыр. Сотталып жатқан азаматтарға қатысты ақпараттарды мен айта алмаймын», - деді Рүстем Дәулет.

Ауылдың қазіргі келбеті

20 мыңға жуық дүнген тұратын Масаншы ауылында жаңадан салынған нысандар көзге түседі. Ауылдағы 41 көшеге жаңадан асфальт төселіп, халық көгілдір отын мен интернетке, таза ауыз суға қол жеткізген. Жаңа мектеп, спорт кешені мен саябақтар салынған. Қазақ-дүнген жастары арасында футболдан жарыстар жиі ұйымдастырылатын болған.

«Масаншы ауылдық округінің халқы негізінен жермен айналысады. Дүнгендер қазір мемлекеттік тілді үйреніп жатыр. Оның ішінде мешіт имамдары да бар. Қазақ-дүнген ақсақалдары бірнеше рет бас қосты, қазір достық қатынасы жақсы жолға қойылған. Жанжалдан кейін мемлекеттен қомақты қаржы бөлінді. 58 үй қайта жөнделіп, дүкендер қалпына келтірілді. Оған үкімет резервінен 575 млн теңге, Жол картасы бойынша 2 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік мәселелер шешілді, мемлекетке алғысымыз шексіз», - деді Масаншы ауылдық округінің әкімі Рамазан Малиев.

Қордай ауданы ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы өңір. Ауыл тұрғындары көктемгі егістік жұмыстарына кірісіп кеткен. Шағын жылыжайларды Масаншы мен Сортөбедегі әрбір үйдің ауласынан кездестіруге болады. Қолға тырма, күрек ұстаған қариялар қасына келіндері мен немерелерін де ертіп алған.

«Өнім ауа райына байланысты. Жуаны үшінші рет жинасақ, шалғамды бірінші рет жинап жатырмыз. Алматыдан, Шымкенттен келіп өздері алып кетеді, бізге сол тиімді. Көтерме бағамен береміз. Жуаның бір орамын – 30, шалғамның бір бумасын – 50 теңгеден сатамыз. Ауладағы 15 соттық жерге қияр, қызанақ, жуа сынды көптеген көкеністің түрлерін өсіреміз. Өнім жақсы болса бір маусымда 2,5 млн теңге табыс табамыз», - деді Масаншы ауылының тұрғыны Щеба Химманов.

Егістік алқабы артқанмен, ескірген техника жаңармаған

Масаншы ауылында жер жыртып, егін егумен 40-тан астам шаруа қожалығы айналысады. Нәпақасын қара жерден терген жергілікті жұрт егіс алқабын арттырып келеді. Көбінесе сәбіз, пияз, картоп, бидай өсіреді. Қордай ауданы бойынша биыл 134 мыңнан астам гектар жерді пайдалану жоспарланған. Бұл былтырмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық екен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаевтың айтуынша, ауылдағы ауыл шаруашылық техникалары 60-70 % жаңарған. Алайда көпшіліктің алдына көрсетуге қойған техникалардың 90% ескі, кеңестік кезеңнен келе жатқан таракторлар болып шықты. Көрмеге қойған 15 техниканың тек екеуі ғана жаңа, қалғандары тозған.

«Жаздық дақылдарды егу 89 мың 750 гектарға жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін көктемгі дала жұмыстарының 80-90% орындалды. 22 мың 240 гектарға егістік жерлерді айдау аяқталды. 45 мың 300 гектарға арпа себу жоспарланған. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отынының бір литрін 160 теңгеден алады шаруалар. Мемлекеттің қолдауы мен өз қаражатын қоса алғанда былтыр ауданда 158 техника сатып алынды. Биылдың бірінші тоқсанында 51 техника алынды. Аудан көлемінде 2 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Ауылдағы ауыл шаруашылық техникалары 60-70% жаңа. Ескі техникаларды өткізіп, жаңасына ауыстыру жоспарланған», - деді Жамбыл облысы Қордай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаев.

Қақтығыстың салдары

Жанжал Қаракемер, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы және Ауқатты ауылы жастары арасында болған. Жаппай төбелес кезінде 11 адам қайтыс болды. Олардың төртеуі Масаншы ауылының тұрғындары болса, Бұлар батыр ауылынан – 3 адам, Сортөбеден – 2 жігіт, Әлжан ана ауылынан – 1, Қордайдан 1 азамат қайтыс болды. Төбелес тек күш құрылымдары араласқан соң ғана тоқтады. Кейін жанжал кезінде 164 нысанның бүлінгені белгілі болды. Сотта 366 адам жәбірленуші деп танылған. 400 астам сараптама жасалып, екі мыңға жуық адам сұралды. 51 адам сотқа тартылып, 120 астам қылмыстық іс тіркелді. Жастардың арасындағы жаппай тәртіпсіздіктен соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған шенеуніктер мен полиция департаментінің бастығы қызметінен қуылды. Қақтығысқа қатысқан 7 әскери қызметшіге былтырғы жылдың қыркүйегінде Алматы горнизонының әскери соты үкім шығарды. Айыпталған әскерилердің алды 8, соңы 3 жылға дейін сотталып кетті.

Қақтығысқа себепкер болған жігіттердің отбасы көшіп кеткен

Ауыл адамдарына да, жергілікті билікке де қақтығыс қатты сабақ болған. Адамдардың көбі ескіні ашық түрде еске алғылары келмейді. Масаншы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Харсанұлы да, қазақтар тұратын Қаракемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозшаев та бейбітшілікте, тату өмір сүруге жастарды үгіттеу, татуластыру жұмыстарының жүргізілгенін айтады. Ақсақалдардың сөзінше, жаймашуақ тіршілік жалғасып жатыр. Бірақ билік сақтық шарасын ұмытпаған. Сотталушылардың жақын туыстары әлі де түрлі теріс іс-әрекеттерге бара ма деп күдіктенеді.

«Қамауда отырған азаматтардың жақын туыстарына бақылау жүргізу, олармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, ауылдық округ әкімдері мен орынбасарлары, Ардагерлер ұйымы мен Қоғамдық кеңес өкілдері бекітілді. Сонымен қатар, аудан әкімдігі, аудан прокуратурасы, Ұлттық қауіпсіздік басқармасы тарапынан сот үкімі жарияланғаннан кейін белсенділік танытуы мүмкін сотталушылардың және олардың белсенді жақын туыстарының тізімі қалыптастырылып, туыстарына сөзі жүретін, дұрыс бағыт-бағдар бере алатын тұлғалар бекітілді», - деп хабарлады Қордай ауданының әкімдігі.

Қазіргі уақытта кепілдікпен 18 (16 қазақ, 2 дүнген) азамат уақытша бостандықта жүр. Олардың бәрі аудан әкімдігі жалдаған шағын автобуспен сотқа барып келеді. 18 адамның жол ақысы мен түскі асының ақысын төлеу демеушілерге жүктелген. Ал қақтығысқа себепкер болған бес жігіт қысқа мерзімге сотталып, бостандыққа шығып үлгерген. Олар отбасыларымен бірге ауылдан көшіп кеткен көрінеді.

«Т.Т.Құдашбаевты соққыға жыққан Юнху Марат Эрсманұлы және Юнху Эрсман Щимарұлы (сот шешімі 24.04.2020 жыл №1/43-2020) сондай-ақ, жол патрульдік полиция қызметкерлеріне бағынбай, қарсылық білдірген Воингуй Люшир Шисырұлы, Войнгуй Арафат Шисырұлы және Воингуй Мухамед Шисырұлына (сот шешімі 18.03.2020 жыл №1/20-2020) қатысты сот үкімдері шыққаннан кейін, ауданда қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында сотталушылардың туыстарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлады Қордай ауданының әкімдігі.

Қордайлық полицейлерге қол жұмсаған үш ағайынды жігіттің әрқайсысына сот 1 жыл 6 айдан жаза тағайындаған. Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды билік әлі де бақылауда ұстап отыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев.