$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.04.2021, 19:22
Қоғам

Петропавлдағы зауыт жұмысшылары ақпаннан бері жалақысын ала алмай жүр

700 қызметкер кәсіпорын директорының қызметінен кетуін талап етіп отыр

Петропавлдағы зауыт жұмысшылары ақпаннан бері жалақысын ала алмай жүр
фото: pkzsk.info

Мұнай-газ өндіру саласына арналған қондырғылар шығарумен айналысатын Петропавл ауыр машина жасау зауытының жұмысшылары ақпан айынан бері еңбекақысын ала алмай жүр. Кәсіпорынның жалақы бойынша қарызы 86 млн теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

ЖҰМЫСШЫЛАР ДИРЕКТОРДЫҢ ЖҰМЫСТАН КЕТУІН ТАЛАП ЕТТІ

Маңдай термен тапқан ақшасы қолына тимей жүрген 700 қызметкер кәсіпорын директорының қызметінен кетуін талап етіп отыр. Жұмысшылардың көпшілігі соңғы жылдары жалақының аздығына да наразы. 

«Біз ешқайда шағымданған жоқпыз. Директор құзырлы органдарға арыз жазсақ, айыппұл салатынын, жағдай ушыға түсетінін айтты. Қазір зауытты жабылып қалудан тек мемлекет қолдауымен алып қалуға болады деп ойлаймын. Тығырықтан шығар басқа жол көріп тұрған жоқпын. Зауыттың жағдайы шынымен де мүшкіл. Қаржылық проблемалардың пайда болғанына екі жылдай уақыт өтті. Бірақ дәл осындай жағдай болған емес. Күн көру үшін туған-туыстан қарыз алып жүрмін. Берешекке белшеден баттым. Әзірге басқа жұмыстың орайы келмей тұр», - дейді зауыт токарі Болат Бегалимов. 

ӨНІМГЕ СҰРАНЫС ТӨМЕНДЕГЕН

Бүгінде Петропавл ауыр машина жасау зауыты Қазақстанның мұнай өндіруші компанияларына қажет қондырғылар шығарады. Бұдан басқа мұнай өңдеу кәсіпорындары пайдаланатын, сервистік қызмет көрсететін арнайы техниканы және теміржолды жөндеуге керек қондырғыларды жасайды.

Кәсіпорын басшылығы қаражат тапшылығын сұраныстың күрт төмендеуімен түсіндірді. Пандемия басталғалы мұнай өндіруші компаниялар өндіріс көлемін азайтқан. Сәйкесінше тапсырыс көлемі де кеміген.

«2020 жылдан бастап жағдайымыз күрделі. Пандемия басталғалы мұнай өндіруші компаниялар өндірісті азайтты, салдарынан біздің өнімге сұраныс кеміді. Бұдан өлек, шекаралардың жабылуына байланысты шетелден материал кіргізу қиындық тудырды. Біз барлық металды Ресейден жеткіземіз, өйткені елімізде өз өндірісіміз жоқ. Кей қосалқы бөлшектер кеден бекетінде 2-3 айлап тұрып қалды. Бұл да өндіріске әсер етті. Ол кезде де екі ай бойынша еңбекақы қарызы болды. Бірақ мәселені ушықтырмай шеше алдық», - дейді Петропавл ауыр машина жасау зауытының баспасөз хатшысы Елена Стадник. 

МАМАНДАР ЖҰМЫСТАН КЕТІП ЖАТЫР

Толық қуатында жұмыс істемей тұрған зауыттан мамандар да кете бастаған. 86 млн теңге – әлеуметтік аударым, медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарнасын төлеу және жұмыстан шыққан қызметкерлердің еңбекақысын қосқандағы қарыз көлемі. Қызметкерлердің айтуынша, қолға тиетін жалақы көлемі негізінен 60-90 мың теңге аралығында.

«Ұжымнан біраз адам кетіп қалды. Мен мұнда 1993 жылы келген едім, әбден сіңісіп кеттім, жұмысымды қимаймын. Басқа жұмыс іздеп те көрдім, ыңғайлы ештеңе табылмады. Әйелім кітапханада қызмет етеді. Оның да жалақысы мардымсыз. Әзер күнелтіп отырғанымыз рас. Ақпан айынан бері жалақы алған жоқпыз. Басшылықтың «шыдаңдар» дегеннен басқа айтар уәжі жоқ. Көпшілік ашулы. Жалақы аз, онысы өз уақытында төленбейді», - дейді Александр Карлов.

ШЕТЕЛДЕН ӘКЕЛГЕН ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ШАҢ БАСЫП ТҰР

2018 жылы республика қазынасынан 4,4 млрд теңге бөлініп, зауытты қайта жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Жоспар бойынша модернизация 2020 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда ол да созбаққа салынды. Германиядан әкелінген қондырғыларды әлі күнге дейін шаң басып тұр. Оны іске қосу үшін шетелден мамандар келуі тиіс. Пандемияға байланысты әзірге бұл мүмкін болмай отыр.

ЗАУЫТТА ТЕКСЕРІС ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛМАҚ

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы зауыттағы жағдайдан хабардар. Тек кәсіпорын жұмысшылары тарапынан ешқандай арыз түспеген.

«Бізге Петропавл ауыр машина жасау зауытынан ешкім шағымданған жоқ. Сондықтқан тексеріс жүргізе алмаймыз. Жыл басында еңбек инспекциясы басқармасы зауытта профилактикалық бақылау жүргізді, бірақ қаңтар айында еңбекақы бойынша қарыз анықталған жоқ. Кейін жұмысшылардың еңбекақы ала алмай жүргендігі жайындағы ақпарат БАҚ-та жарияланды. Өткен аптада облыс әкімнің қатысуымен жиналыс өтті. Осы мәселе қаралды.

Зауыт басшысы жұмысшылардың жалақысын 1 мамырға дейін төлейміз деп уәде берді», - дейді СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Сабағанов.

Еңбек инспекторлары зауытта тексеріс жұмыстары басталатынын жеткізді. Жұмысшылардың жалақысы мамыр айына дейін қолына тимесе, зауыттағы ахуал одан сайын ушығуы мүмкін.

«Соңғы мәлімет бойынша, тендер өтті, мамыр айына дейін қарыз өтеледі. Егер уәде орындалмаса, зауыт жұмысшылары бізге өтініш беруге құқылы. Соны негізге ала отырып, жұмыс берушіге қатысты тексерісті бастаймыз. Ұйғарым береміз. Айыппұл саламыз. Жұмысшылардың еңбекақысы сот орындаушылардың көмегімен заңды түрде өндіріледі», - дейді Мирас Сабағанов.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары