$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.04.2021, 13:36
Қоғам

Педагогтар пандемия жағдайындағы білім беру мәселесін талқылады

Онлайн басқосуға Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шет елдерден мыңан астам педагог қатысты

Педагогтар пандемия жағдайындағы білім беру мәселесін талқылады
Фото: ашық дереккөзден

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы білім беру саласына айтарлықтай өзгеріс әкелді. Дерттің таралуының алдын алу мақсатында қабылданған карантиндік талаптарға сай мектеп оқушылары бір жылдан астам уақыт қашықтықтан білім алуға мәжбүр. Мұғалімдер жаңа жағдайға қалай бейімделуі тиіс, қашықтықан сапалы білім беру жолдары – Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен дөңгелек үстел арқауына айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Онлайн басқосуға Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шет елдерден мыңан астам педагог қатысты. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова баяндамасын қағидатты сұрақтарға жауап беруден бастады.

«Американдық футуролог Элвин Тоффлер «21 ғасырда сауатсыз адамдар оқу мен жазуды білмейтіндер емес, оқуды, үйренуді және қайта оқуды білмейтіндер болады» деген еді. Шынында да, бүгінде жаңа технологиялар білім беру қажеттіліктерін өзгертуде, ал болашақ сілкіністер мен белгісіздіктерге қарсы тұру арқылы қалыптасады. Білім беру цифрлық трансформациядан өтеді, ол цифрлық білім беру инфрақұрылымын және цифрлық оқу-әдістемелік материалдарды, цифрлық бағалауды қоса алғанда, құралдар мен сервистерді дамытуды, сондай-ақ, оқу жұмысын ұйымдастыруда жаңа модельдерді әзірлеуді және таратуды көздейді», –  деп атап өтті Күләш Ноғатайқызы.

NIS-ке Англиядан білім беру саласындағы ең беделді ғалымдардың бірі, балалардың бақыты мен игілігі жөніндегі сарапшы Энди Коуп қосылды. Ол мұғалімдерді бірден революцияға жасауға шақырды.

Қазақстан мектептері қашықтықтан оқыту форматына көшкен кезде педагогтардың 60 пайызы дайын болмағаны жасырын емес. СҚО Жамбыл ауданы Қожаберген жырау атындағы орта мектеп директоры Бауыржан Мұсабаев пен Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық №1 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Нұргүл Абдуллаеваның пандемия сабақтары мен қашықтан оқытуды енгізу туралы баяндамалары педагогтердің ерекше қызығушылығын тудырды. Орал қаласындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Айжан Жанатова литвалық спикер секілді, бірінші кезекте балалардың оқуға деген ықыласын жоғалтпау, кері байланыс орнату және оқушыларды эмоционалдық күйзеліс пен сенімсіздік жағдайында қалай ынталандыру керектігі туралы жеке тәжірибесімен бөлісті.

Дөңгелек үстелдің көптеген қатысушылары күн тәртібімен танысып, нақты спикерлерге қосылды. Білім беру бағдарламалары орталығының талдау, зерттеу және жобаларды басқару бөлімінің меңгерушісі Самат Кальменов цифрландыру мен постковидтік оқытуды таңқаларлық инновация мен жаңа мүмкіндіктер ретінде талдады, сонымен қатар оқу бағдарламаларын қайта қарастыру кезінде нені ескеру қажеттігін ой елегінен өткізді. Педагогикалық өлшемдер орталығының директоры Айдана Шилибекованың баяндамасы бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – жаңа жағдайдағы бағалау мен оның болашағына арналды.

Барлық педагогтер білім берудегі жаңа жағдай туралы кәсіби рефлексияның және әрбір мектеп үшін пандемия форматындағы басты үрдістерді анықтаудың өзектілігі мен қажеттілігін атап өтті.

Пандемия сабақтары жөніндегі дөңгелек үстел – Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған NIS мерейтойлық жобасы аясындағы әлемдік білім берудегі стратегиялық трендтер бойынша дөңгелек үстелдер сериясының алғашқысы болып табылады.

Серіктес жаңалықтары