Коронавирус вакцинасы бедеулікке апармайды – профессор
Бұл сұраққа ДСМ мен ДДСҰ өкілі жауап берген
Казнет қолданушылары коронавирус вакцинасы бедеулікке әкелуі мүмкін деген теорияны талқылауда. Facebook әлеуметтік желісінде «Врачи РК! У кого и где лечиться?» парақшасында осындай мәлімдеме жарияланған.
Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналардың репродуктивті функцияға теріс әсері туралы теория бірнеше рет жоққа шығарылған болатын. Жақында ҚР ДСМ халықты иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссиясының мүшесі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Жаннат Сатыбалдиева екпе адамның көбею қабілетінен айыра алмайтыны туралы мәлімдеді.
«Вакцинадан пайда болатын бедеулікке келетін болсақ, бүгінде қолда бар вакциналардың бірде-біреуі мұндай әсер тудырмайды. Ол вакцинацияға қарсы адамдар белсенді түрде тарататын мифке жатады. Бұл шындыққа жанаспайды: вакциналардан бедеулік болатындай ешқандай тетік жоқ. Бұл негізсіз мәлімдеме. Бұл нонсенс», – деді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының иммундау бөлімінің басшысы Кейт О’Брайен де КВИ-ге қарсы вакциналар фертильділікке теріс әсер етуі мүмкін деген қауесеттерге қатысты түсініктеме берді.
«Бедеулікке әкелетін бірде-бір вакцина жоқ», – деді ол.
Айта кетейік, «Спутник-V» вакцинасының клиникалық сынақтары алғаш рет 10 ай бұрын – 2020 жылғы 16 маусымда басталды. Осы уақыт аралығында еріктілерде дамыған бедеулік туралы хабарланған жоқ.
Сондай-ақ, өткен жылдың 5 мамырында басталған Pfizer препаратының клиникалық сынақтарына қатысушыларда да, 2020 жылдың шілде айында адамдарға сынала бастаған Moderna препаратынан да репродуктивті функцияның бұзылу жағдайлары тіркелмеген.
Осылайша, коронавирусқа қарсы вакцинация фертильділікке теріс әсер етуі мүмкін деген пікірлер негізсіз және фактілерге қайшы келеді.