5 жылдан кейін елордадағы оқушылар саны 80 мыңға жетеді деп болжануда
Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы 5 жылда Нұр-Сұлтан қаласында 67 мектеп салынып, үш ауысымды мектептер проблемасы толығымен шешіледі. Бұл туралы Nur Otan партиясының жанындағы Білім мен ғылымды дамытудың Республикалық Қоғамдық Кеңесінің алғашқы отырысында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2010 жылдан бері астанада оқушылар саны 2,6 есеге өсіп, 74 мыңнан 193 мыңға дейін жеткен. Мектептегі орын жетіспеушілігі ушығып, жетіспеушілік 26 мың орынды құраған. Ал, алдағы 5 жылда елордада мектепке баратын балалар саны 80 мыңға дейін жетеді деген болжам бар.
«2020 жылы елордада 7 мың орынға шақталған (екі ауысымда 14 мың орынды құрайды) 10 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, қаладағы үш ауысымды мектептер саны 8-ден 4-ке қысқарса, оқушылары шамадан тыс көп мектептер саны 22-ден 14-ке дейін азайды. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін астанада 82 мың орынға шақталған (екі ауысымда 164 мың орынды құрайды) 67 мектеп салынатын болады», - деді қала әкімінің орынбасары.
67 мектептің 16-сы мемлекеттің есебінен салынса, 28-і мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтереді. Ал, тағы 23 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынады. Аталған мектептердің 16-ның құрылысы қазіргі таңда жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынатын мектептер жаңа үлгіде бой көтереді. Ол ғимараттардың әдеттегі мектептен ерекшелігі – 2 мың орынға шақталған, аумағы екі есеге үлкен, толықтай қажетті техникалық жабқыпен жарақтанған. Балаларға арналған коворкинг орталық, киностудия мен кинофотозертхана бар. Ал, мұндай әрбір мектептің бағасы 7,6 млрд теңгені құрайды. Мектептер Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісінде салынады.