Петропавлда 1200 оқушысы бар мектеп карантинге жабылды
Оқушылар мен мұғалімдерден коронавирус анықталды
Петропавл қаласындағы Мұрат Айтхожин атындағы 1-ші орта мектеп карантинге жабылды. Оған 5 оқушы мен 2 мұғалімнің коронавирус жұқтыруы себеп болған. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, мектеп шәкірттері екі апта бойы қашықтан білім алады, деп Azattyq Rýhy тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 400-ден астам оқушы коронавирус жұқтырған. Солардың қатарында Мұрат Айтхожин атындағы №1-ші орта мектептің 5 оқушысы бар. Сырқаттанғандардың арасында 1-ші, 8-ші және 9-шы сынып оқушылары бар. Алғашқы науқастану сәуірдің 4-і тіркелген. Білім ордасының медбикесі балаларды кезекті қарау кезінде 9-шы сыныпта оқитын оқушыдан коронавирусқа ұқсас белгілерді байқап, бірден медициналық мекемеге жіберген.
«Жалпы 4-ші тоқсан біздің мектеп үшін сәтті басталған еді. Жоспарымыз көп болды. Өкінішке қарай балақайларымыз демалыс уақытында коронавирус жұқтырып алды. 5 баланың біреуі қашықтан білім алды. Сол себепті олардың барлығы да мектептен тыс жерде жүріп, осы вирусты жұқтырған. Қазір мектебіміз толықтай қашықтан жұмысқа көшті. Екі апта бойы карантинде боламыз. Соған қарамастан, оқушылардың барлығы да сапалы білім алады. Сабақтар үзіліссіз өтеді», - деді мектеп директоры Алексей Курления.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО