$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.04.2021, 16:31
Қоғам

Қазақстан тарапы да туристердің Түркияға баруына шектеу қоя ма?

Түркияда індет өршіп, карантиндік шектеулер күшейтілді

Қазақстан тарапы да туристердің Түркияға баруына шектеу қоя ма?
Коллаж

Кеше Ресей үкіметі 1 маусымға дейін Түркияға тұрақты әуе тасымалдарын тоқтату туралы мәлімдеді. Осы жаңалықтан кейін бірқатар БАҚ-та Қазақстан да Кіші Азия түбегіне қатынайтын рейстерге шектеу қоюы мүмкін деген сыңайда ақпарат тарады. 

Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкеновадан мән-жайды білуге тырысты. Қауымдастық басшысы туристік агенттіктер мен операторлар қалыптасқан тәртіпте жұмыс істеп жатқанын және «жоғарыдан» ешқандай шектеу мен ескерту болмағанын айтты.

«Түркияға қатынайтын әуе рейстерін тоқтату мәселесін Үкімет жанындағы ведмоствоаралық комиссия шешеді. Десе де, қазіргі ахуал жағдай оңай емес. Бұл індетке қатысты ешкім нақты болжам айта алмай отыр. Сол сияқты, біздің салада да белгісіздік басым. Билік вакцина салу қарқынын күшейтті. Вакцинациялау науқаны аурудың тарауын тежеп, індеттің ушығуына тосқауыл болатын шығар деп үміттеніп отырмыз. Ал, жиілігі жоғары, көп қатынайтын әуе рейстерін тоқтату үлкен проблема. Дәл қазір Түркияда мыңдаған қазақстандық демалып жүр немесе жеке шаруасымен жүр. Олардың барлығын алып кету қиын. Қазір «Эйр Астана» және түрік әуе желісіне қарасты компаниялар жолаушы тасымалдаумен айналысып жатыр», - дейді Рашида Шәйкенова.

Қазақстандықтар негізінен Түркияның Анталия аймағында демалуды дәстүрге айналдырған. Туроператорлар қазір осы бағытқа турпакеттерді сатып жатыр. Отандастарымыз негізінен мамыр айының екінші жартысы мен маусым айына демалу үшін жолдама сатып алып жатыр. Дәл қазір Түркияда шомылу маусымы басталған жоқ.

«Бүкіл әлем халқы қандай да бір жаңалық күтумен өмір сүріп жатыр. Бізде де сол жағдай. Біздегі туризмнің негізгі үш бағыты бар десек, соның ішінде сыртқа шығып демалушылар көп. Әрине, бұрынғыдай көп емес. Туристік компаниялар қауымдастығы жағдайды түсінеді, себебі Түркияда вирусты жұқтыру ықтималдығы өте жоғары. Сол себепті агенттіктер жолдама сатуда қатты белсенділік танытып отырған жоқ», - дейді қауымдастық өкілі.

ҚТА директоры қанша турпакет сатылғаны жайлы сұрақты жауапсыз қалдырды. Тіпті, қаражат пен туристер санына байланысты мәлімет қауымдастықтың өз ішінде де айтылмайды екен.

«Ресей туристік бағытбойынша әуе рейстерін тоқтатты деген жаңалыққа қатты ешкім елеңдеп отырған жоқ. Туристер тарапынан дүрбелең жоқ. Себебі, бір жылдан бері пандемия жағдайында өмір сүріп жатқан соң, нарық қатысушылары да, тұтынушылар да үйренді. ПТР-тест тапсыру, жолаушылардың денсаулығын қадағалау маңызды. Оның бағасы әр елде әртүрлі. Мысалы Түркияға барған соң, кері қайту үшін ПТР-тест тапсыру құны - 30 доллар. Ал Қазақстаннан сыртқа шығатындар үшін ПТР- тестің орташа құны 7,5 мың теңге», - дейді Рашида Шәйкенова.

ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова бұл мәселе бүгін ВАК отырысында көтерілгенін, тиісті ұсыныс берілгенін айтты.

«Бүгін Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия отырысында Түркиямен арада қатынайтын рейстер санын қысқарту бойынша ұсыныс берілді. Бұл ұсыныс қарастырылып жатыр», - деді комитет басшысы.

Түркия президенті бүгін карантиндік шектеулерді тағы да күшейтті. Жергілікті БАҚ өкілдерінің жазуынша, енді кешкі сағат 19:00-ден таңғы 05:00-ге дейін көшеге шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ қалааралық теміржол қатынасы да шектелді.

Өткен тәулікте Түркияда 50 мың жаңа науқас тіркеліп, 250 адам індеттен көз жұмды. Елде 15 млн адамға коронавирусқа қарсы екпе салынған. Түркия Қытай мен АҚШ-та жасалған вакцинаны қолданып жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары