Оны ramazan.ksm.kz сайтынан көруге болады
Ораза ұстайтын қауым үшін енді уақыттан шатаспайтын және сағат тілі нешені көрсетті деп елеңдеп отырмайтындай мүмкіндік пайда болды. Қазстандарт арнайы ресурсты - Мемлекеттік уақыт пен жиілік эталонымен синхрондалған сағатты іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жазды.
«Мереке қарсаңында Қазстандарт мемлекеттік уақыт эталонымен және жиілігімен сәйкестендірілген сағатты іске қосты. Оны ramazan.ksm.kz сайтынан көруге болады. Осы сағат арқылы ауыз бекіткен әрбір азамат Қазақстанның барлық өңірі бойынша күннің шығатын және бататын дәл уақытын біліп отырады. Ораза ұстаған жандар үшін әр минут маңызды екенін білеміз. Біздің елде азаматтар бір-бірін көпшілік мерекелермен ғана емес, діни мерекелермен де құттықтайды. Бұл өзгенің таңдауына деген құрмет. Қасиетті Рамазан айы біздің халқымызды бұрынғыдан да тату әрі бірлікте өмір сүруге жетелейді. Қазақстандағы әрбір отбасына бейбітшілік, жақсылық пен жаңару тілеймін!», - деп жазды Бақыт Сұлтанов парақшасында.