Қазақстандықтар поствакциналық антиденелердің бар-жоғын тексере алады
«ОЛИМП» ЖШС басшысы ең алдымен антиденелері жоқ адамдарға екпе салу қажеттігін ұсынды
Коронавирус вакцинасын салдырған қазақстандықтар ағзасында поствакциналық антиденелердің бар-жоғын тексере алады. Мұндай қызметті еліміздің барлық аумағында «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі ұсынып отыр.
«Денсаулық сақтау министрлігінің 12-сәуірдегі ақпаратына сәйкес жаппай вакциналау басталғалы 300 мыңнан астам қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе алған. Енді пациенттерді екпе қаншалықты тиімді болды, вакцинадан кейін иммунитет қалыптасты ма деген сұрақтар мазалайды. Бұл сауалдарға жауап беру үшін біз жаңа тест енгізіп отырмыз. Ол поствакциналық антиденелердің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Тест «Коронавирустың S-ақуызына қарсы G иммуноглобулиндерін анықтайтын иммуноферменттік талдау» деп аталады», - деп атап өтті «ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.
Екпе салғаннан кейін ағза коронавирустың S-ақуызына қарсы антиденелер қалыптастырып, иммундық жауап береді.
«Жиынтық антиденелерді анықтауға бағытталған электрохемилюминесценция (ЭХЛ) әдісімен жасалатын әдеттегі талдау вакцинаның тиімділігін қадағалауға келмейді, себебі ол S-ақуызына қарсы антиденелерді көрсетпейді. Жиынтық антиденелерді тексеретін талдау коронавируспен ауырғандарда N-ақуызына қарсы антиденелерді анықтайды. Сондықтан поствакциналық антиденелерді анықтауға арналған бөлек жаңа талдауды енгізу қажеттілігі туындады», - дейді Ерлан Сүлейменов.
«ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі жаңа зерттеуді еліміздің барлық аймақтарында жасайды. Поствакциналық антиденелерді анықтайтын талдауды екпенің бірінші дозасын алғаннан кейін 42 күн өткенде, яғни 6 аптадан соң тапсыру қажет.
Онымен қоса, «ОЛИМП» зертханалары коронавируспен, оның ішінде симптомсыз түрімен ауырғандар үшін жиынтық антиденелерді тексеру бойынша зерттеу жасауды жалғастыруда. Бұл талдау да жаппай вакциналау басталғалы өзекті болып отыр. Себебі бір мезетте барлық халықты вакциналау үшін мүмкіндік жеткіліксіз болғандықтан, ең алдымен антиденелері жоқ адамдарға екпе салу қажет. Антиденелері бар пациенттер әзірге қорғанышқа ие, сондықтан оларға екпені кейінірек, антиденелері азайғанда салуға болады. Қолда бар қорларды тиімді пайдалану ұжымдық иммунитетті тезірек қалыптастыруға септігін тигізеді.