Кәсіпкерлер шектеу шаралары азаматтардың конституциялық құқығын бұзатынын айтады
Қарағандылық кәсіпкерлер соттан өңірдің бас санитар дәрігерінің шектеу шараларын күшейту туралы бұйрығын заңсыз деп тануды сұрайды. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Өңірде карантин шаралары күшейтілгенімен, індет жұқтырғандар саны азаймай тұр. Кәсіпкерлер шектеу шаралары азаматтардың конституциялық құқығын бұзатынын айтады. Өйткені, елдің жүріп-тұруы, еркін еңбек етуі мен балалардың білім алуына кедергі жасалған.
Шектеу шараларын бұзғандарға айыппұл салу жұмыссыз қалған жұртқа жығылған үстіне жұдырық болған. Ашынған кәсіпкерлер бас санитар дәрігер қаулысының күшін жоюды заң жүзінде сұраудан басқа амалы қалмағанын айтты. Бірақ, сотта жеңіп шығатынына күмәнмен қарайды.
«Шенеуніктер бір жыл ішінде вирусты жоюдың тәсілін таба алмады. Есесіне бәрін тұралатып тастады. Қашанғы қамалып отыра береміз? Шет елдердегі жағдайға қарап біз де соны істейміз. Одан да шет мемлекеттермен шекараны жапсын да, ел ішіндегі індетті жойсын. Бизнеске кедергі болмасын. Қазір елдің әлсіреген экономикасын құтқаруды ойлау керек», - дейді заңгер Ирина Фурсова.