$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.04.2021, 10:57
Қоғам

«ПТР тапсырмағанымызға бір жылдай болды»: Алматыдағы №7 аурухана қызметкерлері шағымданды

Медицина қызметкерлері ауруханада болып жатқан заңсыздықтарға наразылық білдірді

«ПТР тапсырмағанымызға бір жылдай болды»: Алматыдағы №7 аурухана қызметкерлері шағымданды
Фотоколлаж

Алматы қаласындағы №7 қалалық аурухананың медбикелері мен санитарлық қызметкерлері бір жарым жылдан бері ешқандай сыйақы алмағандарын, сондай-ақ, бір жыл бойы ПТР тестін тапсырмағандарын айтып, редакциямызға шағымданды.

Azattyq Rýhy тілшісімен кездескен аурухана қызметкерлері жеке қауіпсіздіктері үшін аты-жөндерін айтпауды сұрады. Олардың айтуынша, бұған дейін аталған мәселе бойынша журналистерге камера алдында бетін жауып сұхбат берген әріптестерін мекеме басшылығы белсенді түрде іздестірген.

«МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАРЫЗБЫЗ...»

«Пандемия басталғалы бір жылдан асты, бірақ біздерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан ешқандай қолдауды көрмедік. Күн сайын неше түрлі науқаспен бетпе-бет келіп жүрсек те, ПТР тапсырмағанымызға бір жылға жуықтады. Басында үйімізге барудан, жақындарымызға жолаудан қорқатынбыз. Қазір оған етіміз үйреніп кетті. Аурухана басшылығынан не себепті ПТР тапсырмайтынымызды сұрасақ: «ПТР алатын таяқша таусылып қалған» деген жауап естиміз. Медицина қызметкерлері күнінде де сыйақы алмадық, 13-ші айлық та жоқ, Тәуелсіздік күнінде де берілмейді. Бір жарым жылдай сыйақы алмағанымыздың себебін сұрасақ, басшылық: «Емхананың қарызын қайтарып жатырмыз» дейді. Ол қандай қарыз, неге мемлекетке аурухана қарыз болатынын түсіне алмадық», - деді мамандар.

Медбикелер мен санитарлық қызметкерлер бұған дейін қабылдау бөлімінің дәрігерлері сыйақыға байланысты шу шығарғандарын, содан кейін оларға ақша төленіп жатқанын алға тартты.

«ЖҰМЫС КЕРЕК БОЛСА ТЫНЫШ ОТЫРЫҢДАР!»

«Медбикелер мен санитарлық қызметкерлерді қара жұмысшылар сияқты көріп бағаламайды. Лездеме кезінде аурухана басшысы аға медбикелерді «салақ әйелдер» деп айтқан. Біз ғана емес, бүкіл аурухана қызметкерлері сыйақы алмай жүр. Үкіметтен берілетін үстемақыны белгілі бір дәрігерлер ғана алады, ол қатарға біз кірмейміз. Ақша туралы мәселе көтергендерге: «Жұмыс керек болса тыныш отырыңдар» деген. Басқа ауруханадағы таныс әріптестеріміз тым құрығанда Медицина қызметкерлері күнінде сыйақы алады. Оған қарағанда біздікі бір жағынан бюджеттен, екінші жағынан ақылы бөлімнен ақша тауып отыр ғой. Ай сайын болмаса да осындай пандемия кезінде бізге де бір сыйақы беруге болатын шығар?!

Туыстарымыз «Жаңалықтардан дәрігерлердің еңбектерін бағалап, үкімет ақша беріп жатыр ғой. Біраз байып қалған шығарсыңдар» дейді. Ал, біз ақша тұрмақ, ПТР тапсыра алмай жүрміз. Бұл ауруханада істейді деген атымыз болмаса, жылына екі рет өтетін флюрография, АИТВ мен ЖҚТБ-ның өзін қалтамыздан төлейміз. Тым құрыса осы аурухана қызметкерлері ғой деп жеңілдік жасауға болар еді ғой. Пандемия кезінде тек бір рет 30 мың теңге алдық, одан кейін ешқандай сыйақы алған емеспіз. Сол сыйақының өзін басшымыз отандық сайттардың біріне берген сұхбатында 35 мың теңге деп айтты. Ар жағындағы 5 мың теңге қайда?! Осының бәрін жауапты адамдардан сұрайық десек, пандемия кезінде жұмыссыз қалудан қорқамыз, бәріміздің несиеміз, пәтерақымыз бар», - дейді медицина қызметкерлері.

«ЛАУАЗЫМДЫ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ АҚШАСЫН БЕРІП ҚОЯДЫ»

Қалалық №7 аурухананың кіші қызметкерлерінің мұңы мұнымен бітпейді. Жүз мыңға жетер жетпес айлық алатын дәрігерлер «Кәсіподаққа ай сайын 2100 теңгеден өткіземіз, бірақ одан келер пайданы көрген емеспіз» дейді.

«Кәсіподаққа деп ай сайын айлықтан 2100 теңге ұстайды. Бізге ешқандай көмек берілмейді, кезекті демалыс кезінде шипажайларға жолдама алған медбике мен санитарлық қызметкерлерді көрген емеспіз. Категориясы барлар енді ғана 111 мың айлық алады, жоқтары 95 мың алады. Қазір екі есе жұмыс істеп жатырмыз. 30 науқас жатуы тиіс бөлімдерде 37-40 адамнан жатыр, бірақ артық адам үшін бізге ешкім ақы төлемейді. Артық штат та жоқ. Естуімізше, жуырда ғана тексеріс келіп Кәсіподаққа қанша ақша түсетінін тексеріп, олардың ақша жымқырғандарын анықтаған. Ақша есебін бергенде Кәсіподақтағылар «Көпбалалы аналарға көмір бердік» деп құжат дайындаған, бірақ іс жүзінде ондай көмек болмады.

Сенсеңіз бөлімшедегі шелек, желім, скотч сынды шаруашылық заттарын өз қалтамыздан ақша шығарып аламыз. Оны айтсақ: «Бөлімнің тазалығы өздерің үшін, аурухананың қарызын жауып жатырмыз» дейді. Есіктерге шашатын антисептиктерге дейін өзіміз сатып алған кездер болды. Лауазымы жоғары дәрігерлерге «тиісті ақшаларын беріп қояды, олар сол үшін тыныш жүр» дегенді естиміз. Ал кіші медбикелер, санитарлық қызметкерлер тіпті есепте де жоқпыз. Есеп берген кезде «аурухананың қарызы бар, ешқандай сыйақы күтпеңдер» деп айтады. 8 наурыз бәрімізге қолға арналған 250 теңгелік крем сыйлады. Бұрынғы басшымыз Марат Ғабдуллаұлының кезінде 140 мың теңге сыйақы алғанбыз. Медицина қызметкерлері күнінде 35 мың теңге алғанбыз. Тексеріс көп, пандемия кезінде қарбалас жұмыс істеп жатсақ, аға медбике, СЭС қайта-қайта тексереді»,-деді бюрократиядан шаршаған медицина қызметкерлері.

Аталған мәселе бойынша Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен №7 аурухананың баспасөз қызметіне ресми сұрау жолдады.

Айжан Қалиева, Алматы

Серіктес жаңалықтары