«Azattyq Rýhy» тілшісі 30 метр тереңдікте Алматы метросын салып жатқан құрылысшылардың пікірін білді
Алматыдағы метро құрылысы айналасындағы проблема әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Жұмысшылардың дені алатын айлығы мен атқаратын жұмысының ауыр екендігін алға тартады. Жақында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы орташа айлық жалақы 220 мың теңге деген еді, алайда метро құрылысындағы жұмысшылардың табысы қала басшысы айтқан көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Күніне 10-12 сағат жер астында жүретін жұмысшыларға төленетін ең жоғарғы айлық - 132 мың теңге. Ал, жас мамандардың табысы 90 мың теңгенің төңірегінде екен.
«Azattyq Rýhy» тілшісі 30 метр тереңдіктегі «Достық» және «Сарыарқа» стансаларының құрылысын жүргізіп жатқан жұмысшылардың жағдайымен танысып қайтты. Құрылысшылар өздерін шахтада жүргендей сезінетінін, жұмыстың қауіпті екенін айтады.
«Өзім Алматы облысы Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында тұрамын. Жұмысқа үлгеру үшін таңғы сағат 5-те тұрып, 7-дегі нарядқа үлгеруге тиіспіз. Жұмыс өте ауыр, бала-шағаны асырауымыз керек», - дейді «Алматыметроқұрылыс» АҚ жұмысшысы Азамат Балабеков.
Тәулік бойы жұмыс істейтін метро құрылысындағылар қауіптің де бар екенін жоққа шығармайды.
«Қазіргі сәтте рельс төсеп жатырмыз. Жақтауын орнатқан соң бетон құюымыз керек. Әрине, енді бұл жерде қауіп өте көп, содан барынша сақ болуымыз керек. Жұмысымыз қиын, айлығымызды өсірсе жақсы болар еді», - дейді Нұрлан Назарбеков есімді құрылысшылардың бірі.
Алдағы уақытта Алтынсарин даңғылынан Момышұлы көшесіне дейін ұзындығы 3,1 шақырым болатын желілерде метрополитен кеңейтіледі. Құрылысы жүріп жатқан «Сарыарқа» және «Достық» метро стансаларына 2020-2021 жылдарға республикалық бюджеттен 21,9 млрд теңге қарастырылған. Қаржыны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті бөледі. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде 2019 жылға қосымша 2 млрд теңге бөлінген. Көлік комитетінің мәліметінше, қаржы жылдың соңына дейін игеріледі. «Мәскеу» стансасынан «Достық» стансасына дейінгі құрылыс жобасының жалпы құны 68,1 миллиард теңге. Метро құрылысына осындай қомақты қаржы бөлінгенмен, жұмысшылардың жалақысын өсіру мәселесі әзірге қарастырылмай отыр.
«Өкінішке қарай, мемлекеттік сараптамамен бекітілген бағалау жалақыны лайықты деңгейде өсіруге мүмкіндік бермейді. Жалақының төмен болуы құрылыс монтаж жұмыстарының төмен бағалануымен байланысты. Айлық аз болғандықтан сапалы мамандардан айырылып қалуымыз мүмкін», - дейді «Алматыметроқұрылыс» АҚ басқарушы директоры Батыр Адайбаев.
Алматы метрополитенінің бірінші бөлігі 2011 жылы 1 желтоқсанында, екіншісі - 2015 жылдың сәуір айында пайдалануға берілді. Метро құрылысына 2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін 43,6 млрд теңге бөлінген, оның 35,9 млрд теңгесі республикалық бюджеттен. Тоғыз стансасы бар қолданыстағы метроның ұзындығы - 11,34 шақырым. «Сарыарқа» және «Достық» стансаларының құрылысы 2021 жылы аяқтауы тиіс.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы