Желіде тараған ақпаратта Сәтбаев қаласындағы мектепте осындай талап қойылғаны айтылған
Қазнетте бұдан былай ауырып, сабақтан қалған оқушылар теріс нәтижесі көрсетілген ПТР-тест анықтамасын ұсынуға міндетті екені туралы хабарлама тарады. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.
Ведомство өкілдері ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің және облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің қаулыларында оқушыларда міндетті түрде ПТР-тест болуына қойылатын талаптар қарастырылмағанын жеткізді.
«Мектеп әкімшілігінің бұл талаптары заңсыз. «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында коронавирустық инфекциямен ауырған немесе онымен байланыста болған оқушылар үшін білім беру ұйымында болу үшін медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы дәрігердің медициналық қорытындысының болуы ғана қарастырылған», – делінген ведомстов хабарламасында.
Мектептерде ПТР-тест талап етуге қатысты ақпараттың скриншоттары Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласында болғаны айтылған. Алайда, аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, Сәтбаев қаласының бас санитар дәрігері де оқушыларға мұндай талаптар қоймаған.