Алматыда 400 мыңдай адам медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр - Тілеухан Әбілдаев

«Әлеуметттік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директорымен сұхбат

Алматыда 400 мыңдай адам медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр - Тілеухан Әбілдаев
Фото: ашық дереккөзден

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл - еліміздің әр азаматына, оның денсаулығына қатысы бар жаңа реформа. Қорға ай сайын ақша аудару арқылы тұрғындар кез келген уақытта медициналық қызметтің түрлерін тегін ала алады. Алайда бұл мүмкіндіктен қағылып отырған алматылықтар аз емес. Бұған қатысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев өз пікірін білдірді. 

Фотода Тілеухан Әбілдаев

- Тілеухан Шілдебайұлы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі аса көп уақыт болған жоқ. Былтырдан бері іске асырылып жатқан  медициналық көмектің пайдасын  ел қаншалықты деңгейде көріп жатыр?

- Жүйенің толыққанды іске қосылғанына бір жылдан асты. Медицинаға енгізілген реформа бүгінде оң нәтижесін бере бастады деуге әбден болады. Амбулатория-емхана деңгейіндегі көмек пен стационарлық көмектің тек көлемі ғана емес, сапасы да едәуір артты.

Алғашқы жылды қорытындылайтын болсақ, Алматы қаласы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек 6 есе артып, халыққа 6,9 млн қызмет көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, азаматтар 3,3 млн рет салалық маманның консультациясында болған, оған 4,7 млрд теңге төленді. Өткен жылы алматылықтар жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 804 мыңнан астам диагностикалық қызмет пен 352 мың стоматологиялық қызмет түрін пайдаланып, КТ/МРТ сынды  жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын 41,5 мың зерттеуден өткен (1,8 млрд теңге). Қаладағы стационарларда емделген 180,7 мың пациент үшін 59,7 млрд теңге төленді. 87 мыңнан астам операция жасалды.

Сақтандырудың арқасында реабилитация қызметін күшейтуге мүмкіндік туып отыр. 2019 жылы аталған көмек түрін көрсететін клиникалар саны 4 ғана болса, қазір 65-ке жетті. Амбулатория деңгейінде көрсетілетін реабилитация бойынша 7700 қызмет көрсетілді. Бұған да сақтандырудың арқасында қол жетіп отыр.

Сондай-ақ, сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін  экстракорпоральды ұрықтандыру протоколдарының саны артты. Биыл еліміз бойынша 7000 жуық үміткер арнайы «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы шеңберінде ЭКО жасатып, ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік алмақ. Оған жұсалатын қаражат көлемі 2 есе артып отыр. Мысалы, 2020 жылы 643 процедураға 563 млн теңге бөлінген болса, 2021 жылы 1238 процедураға 1,1 млрд теңге қарастырылған. Биыл қала бойынша 7 медицина ұйымы Қормен ЭКО жасау туралы келісімшарт жасасқан.

- Бірақ, бұл сандар немесе жұмсалған миллиардтар тұрғындардың бәрі тегін медициналық көмекке қол жеткізді дегенді білдірмейді ғой. Ресми жұмыс істемейтін, ай сайын сақтандыру қорына ақша аудара алмайтын азаматтар да бар. Тегін медициналық көмеу алу бойынша Алматыда қанша адам сақтандырылмаған?

- Азаматтарды сақтандыру жүйесімен қамту – өзекті мәселенің бірі. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Алматыдағы 1,9 млн тұрғынның 81,4%-ы сақтандырылған. Қалған 18,6% немесе 385 223 адам сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.

Жергілікті атқару органдарымен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде сақтандырылмағандар саны біршама азайды. Өткен жылдың тамыз айында 22,6% алматылық сақтандырылмаған еді.

Құрылымдық тұрғыдан алып қарағанда сақтандыру жүйесімен қамтылмағандардың:

  • 146-сы  мыңнан астамы бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер;
  • 106-сы  мыңнан астамы әртүрлі себептермен атына жарна аударылмаған жұмыскерер;
  • 13 725-і  жеке кәсіпкер;
  • 8 323-і  азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер;
  • 3 291-і  өз бетінше төлеушілер.

Сақтандырылмай қалғандардың арасында ҚР Үкіметінің №224 қаулысы негізінде салықтардан, соның ішінде МӘМС төлемдерінен босатылған шағын және орта бизнес нысандары да болуы мүмкін. ШОБ субъектілері осы жеңілдікті толыққанды пайдалану үшін қызметкерлерін Қордың msb.fms.kz сайтына тіркеп, олардың МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануын қамтамасыз етуі тиіс. Өкінішке орай, жеңілдік мерзімі 3 ай бұрын аяқталса да осы жұмысты аяғына дейін жеткізу мүмкін болмай отыр.

Жалпы, аталған қаулы негізінде Алматы қаласы бойынша 116 604 ШОБ нысанына салықтық жеңілдік берілген. Бүгінгі күнге дейін соның 77,3% (90 086) жұмысшыларының статусын қамтамасыз еткен болса, қалған 22,7% немесе 26 518 кәсіпорын салғырттық танытып отыр.  

Қор аталған 26 мың субъект қызметкерлерін сақтандыру жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында, мәліметтерді ақпараттық жүйелерге енгзу мерзімін тағы 3 айға, яғни 2021 жылдың І тоқсанының соңына дейін ұзартқан болатын. Сондықтан кәсіпкерлерді осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырғым келеді.

- Биылдан бастап әрбір қызметкер жалақының 2%-ын қорға аударады. Аударым жасаған азаматтар қымбат медициналық көмектерге де тегін қол жеткізе ала ма?

- Жалпы, сақтандыру жүйесі азаматтардың медициналық көмекті табысына қарамастан, қажетінше пайдалануына мүмкіндік береді. Бізде жұмыс берушілердің бәрі бірдей қызметкерлерін әлеуметтік пакетпен, соның ішінде ерікті медициналық сақтандыру полисімен қамтамасыз ете алмайды. Сақтандыру осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік беруі тиіс.   Сақтандырылған азаматтар төлеген жарнасына қарамастан жоспарлы стационарлық көмек түрлерін, жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын қызметтерді, реабилитациялық көмекті, КТ/МРТ сынды консультациялық-диагностикалық қызмет түрлерін пайдалана алады, қымбат анализдерді тапсыра алады.

Сақтандырудың көмегімен медициналық көмектің барлық түрлері бойынша қаржыландыру көлемі артып отыр.

- Тегін медициналық қызметті алу үшін жұмыс беруші немесе тұрғынның өзі ай сайын төлем аударуы тиіс қой. Ай сайынғы жарна мөлшері неге біркелкі емес?

- Сақтандыру күрделі, бірақ Қазақстанның денсаулық сақтау саласы үшін өте маңызды реформа. Бұл жүйе денсаулық секторын дамытуға, азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондықтан елдегі әрбір адам сақтандыру статусын алуға тырысқаны жөн.

Жарна/аударым көлемі МӘМС туралы заңда көрсетілген тәртіп бойынша өзгереді. Заң бойынша, жұмыс берушілер әрбір қызметкер үшін өз қалтасынан аударым жасайды. Жұмыс беруші төлейтін аударым мөлшері биыл өзгерген жоқ, қызметкер табысының 2% көлемін аударады (2017 жылдың 1-шілдесінен – 1%; 2018 жылы – 1,5%; 2020 жылы – 2%). 

Сонымен қатар, жұмыс беруші аударымға қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап Қорға аударады (былтыр 1% болатын). Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жалақыдан (немесе 425 мың теңгеден) аспауы тиіс. Яғни, ай сайынғы жарна мөлшері 8500 теңгеден жоғары болмауы керек.

                Жеке кәсіпкерлердің жарнасы өзгерген жоқ. Олар бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%, яғни 2975 теңге төлейді.

Сонымен қатар, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша ең төменгі жалақының 5%, яғни 2125 теңге төлейді. Себебі биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ.

                Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат 2917 теңге төлейді. Қаржының 40%  - Медициналық сақтандыру қорына, 30%  – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20%  – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады. Сонымен қатар, жұмыс беруші жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін қызметкерлер үшін жарна аудармайды. Оларды мемлекет сақтандырады. Мемлекет олар үшін биыл орташа жалақының 1,6% аударады.

 - Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) түрі бар. Тұрғындар осы аталған қызмет түрлерін ала алмаған жағдайда қайда шағымдана алады?

- Қазақстанда медициналық көмек екі пакет бойынша көрсетіледі. Бірі – сақтандыру пакеті, екіншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Яғни, жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Былайша айтқанда, шұғыл көмек еліміздің барлық азаматтарының бәріне бірдей көрсетілуі тиіс. Ол үшін сақтандырылған болу шарт емес. Мысалы, созылмалы сырқатқа шалдыққандар, әлеуметтік-маңызы бар сырқатына байланысты тіркеуде тұрған және динамикалық бақылауға алынған пациенттерге медициналық көмек осы кепілдендірілген көмек пакеті шеңберінде көрсетілуі тиіс. 

Сақтандырылған азаматтар жолдаманы тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерден алады. Қажетті диагностикалық тексерулерге салалық мамандар жібереді, тиісті ем-дом тағайындайды. Соңғы кезде аталған сырқаттармен ауыратын пациенттерге көмек көрсетуден бас тарту фактілері көбейіп кеткені рас. Ондай жағдайда Қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен 1406 шұғыл желісі арқылы шағымдануға болады.

- Міндетті медициналық сақтандыру қорына ақша аударса да, тегін қызмет түрлерін алу керек болса да науқастар емханадан емделуге жолдама ала алмай қиналатынын айтып шағымданады. Және дәрігерлер тексеруден өту үшін пациентті ақылы анализ тапсыруға жіберіп жатады. Бұндай келеңсіздіктер кездескенде не істеу қажет?

 - МСҚ негізгі міндеттерінің бірі – пациенттер құқығын қорғау. Күн сайын Қорға медициналық көмектің сапасына байланысты көптеген шағым түсіп жатады. Оның бәрін біздің сарапшыларымыз мониторингтен өткізіп, белгілі бір қызметті көрсетуден орынсыз бас тартқан клиникаларға шара қолданады.

Азаматтар көбіне пациент ретіндегі құқығын қорғау үшін қайда хабарласу қажеттігін білмейтіні жасырын емес. Туындаған проблеманы шешудің ең төте әрі тиімді жолы – сол жерде шешу. Әрбір емханада пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі бар. Көрсетіліп жатқан медқызметтің сапасын осындағы сарапшы мамандар бақылап отырады, түскен арыз-шағымдарды қарастырады. Сонымен қатар, шағымды Қордың кері байланыс арналары арқылы қалдыруға болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.