Жол ортасында өзгенің көлігін қиратып танымал болған алматылық әйел жауапқа тартылды
Енді ол бір жарым жыл көлік тізгініне отыра алмайды
Жолға таласқан екі келіншектің арасындағы жанжал 21 қазанда болған еді. Көліктегі видеотіркеуішке жазылған роликтен кейін бүкіл елге танымал болған жүргізушіге қатысты істі бүгін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты қарады және оны жол көлік оқиғасын жасағаны үшін, сондай-ақ, оқиға орнынан кетіп қалғаны үшін кінәлі деп тапты.
Іс материалында оқиғаның қалай өрбігені толықтай айтылған. 21 қазан күні кешке Nissan маркалы автокөліктің жүргізушісі Махирам Сайдуллаева Сайын көшесі бойымен келе жатып, Кia маркалы көлігінің бүйірінен соғады. Салдарынан көліктер зақымданған. Бұдан соң екі келіншек жанжалдасып, Сайдуллаева өрт сөндіргішпен қарсы көліктің терезесі мен айнасын сындырған.
Көп ұзамай Сайдуллаеваны полиция ұстады. Дегенмен, бүгінгі сотқа ол келмеді, заңгерін жіберіпті. Ал, зардап шеккен әйел болса 120 мың теңге көлемінде шығын келгенін айтып отыр.
Сот қаулысымен Сайдуллаева ҚР Әкімшілік кодекстің 610-бабы 1-бөлігі және 611-баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бір жарым жылға көлік жүргізу куәлігінен айрылды.
Айта кетейік, ашулы келіншектің үстінен қылмыстық іс те қозғалған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы