Шымкентте жыл басынан бері 3 мыңға жуық отбасы ажырасқан
Бұл жөнінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев хабарлады
Шымкентте бала асырап алушылардың саны көп емес, есесіне жыл басынан бері некесі бұзылған отбасылардың саны 2600-ге жеткен деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«2018 жылы АХАТ бөлімінде 29 569 баланың тууы тіркелген. Некеге тұрғандар саны – 6 330, ажырсақандар саны – 2393-ке жеткен. Жылдан-жылға ажырасатын отбасылар саны көбейіп барады. Бұрын мұндай емес еді, аз болатын. Бала асырап алғандар саны да тым аз, небәрі 103 адам. Атын, тегін, әкесінің атын өзгерту бойынша 281 мемлекеттік акт тіркелсе, 4288 азаматтың қайтыс болғаны тіркелді», - дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы АХАТ бөлімінің бас маманы Айгүл Абдукаримова.
Ал, биылғы жылдың 11 айында Шымкентте 7 437 азамат некелессе, ажырасқандардың саны 2 605-ке дейін көбейіпті. Яғни, некесі бұзылған отбасы саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 200-ге артқан. Бала асырап алғандар саны 136 адамға дейін көбейген. Сондай-ақ, 4 650 азаматтың өмірден қайтқаны жайлы анықтама беріліпті.
Сондай-ақ басқарма өкілдерінің айтуынша, Шымкентте бұрын неке сарайы болған. Ал, мегаполисте жұмыс істеп тұрған қазіргі жалғыз неке сарайы жекеменшікте екен. Жас жұбайлар салтанатты түрде неке қию рәсімін өткізу кешенді жалға алады.
Айта кететін бір жайт, оңтүстік өңірі қазақы қаймағы бұзылмаған, халқы дәстүрді берік ұстанады деп есептелсе де, Шымкент пен Түркістан облысында ажырасу фактілері шамадан тыс көп. Шаңырағы шайқалатын отбасылардың саны некелескендер санының тең жартысына жетіп қалған. Салдарынан өңірде жалғызбасты аналар мен жартыдай жетім балалар саны артып келеді.
Арай Есенбек, Шымкент