Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылы бензин акцизі 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін деген
Алматыда белгілі заңгер Жангелді Сүлейманов ҚР Ұлттық экономика министрлігінің үстінен сотқа шағымданып үлгерді. Ол бензин акцизінің (халық жаппай тұтынатын тауарлардың өндірісіне салынатын салық - авт) қымбаттауына еш негіз жоқ деп есептейді. Бұл туралы адвокат Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.
«Осы жылы 25 қарашада Ұлттық экономика министрлігі бензинге акциз құнын көтеру туралы қаулының жобасын дайындп жатыр деп естідім. Айтуларына қарағанда бензиннің бағасы 10 теңгеге көтеріледі. Сонымен қоймай Ұлттық экономика министрлігі бұл айтарлықтай көп сомма емес деп есептейді екен. Мәселе оның соммасында емес, қазір бір теңгеге де негізсіз баға көтеруге болмайды. Олардың ескі «әуені» бар. Ол- ішкі нарықта өндірілетін бензин сыртқа кетіп жатыр. Себебі оның бағасы төмен. Ол үшін акцизге бағаны көтермей-ақ кеден, шегара қызметі қырағы жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Екіншіден, министрліктің өз есебі бар екен, бірақ ол туралы ашып айтылмады»,- дейді заңгер.
Жангелді Сулейманов бүгін Алмалы аудандық сотына азаматтық ретпен арыз жазғанын айтты. Заңгермен бірге алматылық Станислав Лопатин, Әнуарбек Ысқақов, Жәнібек Башанов, Антон Самохин деген азаматтар да ұжымдық арыз жазған. Талап-арызды сот қабылдаған, енді бес жұмыс күні ішінде істің қаралуына қатысты жәйттар мәлім болады.
«Ұлттық экономика министрлігінің акцизге баға көтеруі заңсыз деп есептеймін. Екі айғақ келтірдім. Оның біріншісі- министрлік дайын өнім шетелге заңсыз жолмен тасымалдап жатыр дегенге дәлел келтірмеді. Екіншісі бағаны көтеруге қандай нақты есептеулер келтірген. Соны көрсетуі керек еді. Министрлік егер баға көтерілсе, тиімділік болады деп есептейді. Қателеседі. Біздің тәуелсіз елдің тарихында бензинге баға көтерлді деген сөз, барлық тұтыну тауарлар мен азық-түлікке баға шарықтайды дегенді білдіреді. Себебі біздің елде барлығы жанармайға тәуелді. Тауар тасымалы, адам тасымалы, басқа да қызметтер онымен байланысты. Негізгі тұтынатын тауарлар, нан, коммуналдық қызметтер де бір орнында тұрмайтыны заңдылық»- деп есептейді белгілі заңгер.
Айта кетейік, Жангелді Сүлейманов қазір БЖЗҚ-мен соттасып жатыр. Бұған дейін ол Ұлттық банкті, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік министрлікті сотқа берген.
Ал Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылы бензин акцизі 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін деген еді. 25 қарашада Үкіметте Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Амрин жанармай бағасы шамамен 6 пайызға артатынын мәлімдеді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы