Қайырымдылық ұйымының атын жамылған алаяқтар көпбалалы аналарды алдап кеткен

Әлдебір еріктілер олардың ауыр тағдырын желіге жариялап, ақша жинап алған соң, жоқ болған

Алматыда қайырымдылық ұйымы көмектесер деп сеніп, артынан сан соққан көп балалы, жалғызбасты аналар көбейді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Аналардың айтуынша, әлдебір еріктілер олардың ауыр тағдырын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялапты. Кейін жиналған соманың негізгі бөлігін қалтасына басып жоқ болған. Не алданғанын, не ақша алғанын түсінбеген аналар не істерін білмей отыр.

«Жалдамалы пәтерден шаршадық. Енді осындай «еріктілер» көмектесіп, халықтан көмек сұраймыз дегендерге сеніміміз жоқ», - дейді ашынған аналардың бірі.

Бес баласымен қуықтай пәтерде күн кешкен Ақайша Бейсенбаева көзіне еріксіз жас алды. Бүлдіршіндерінің екеуі мүгедек. Тағдыры қиын екенін естіп, оған «Ақ сенім» атты қайырымдылық ұйымы көмектесеміз дегенде, қатты қуаныпты. Олар келіп, әлеуметтік желідегі жұртқа жағдайын айтқан видео жариялапты. Бірақ түптеп келгенде «Ақ сенім» сеніміне селкеу түсірді дейді көпбалалы ана.

«Қаржылай көмек салып жатырмыз, сені көріп жатырмыз деді, елдің бәрі маған телефон соға бастады. Жанымдағы көршілер де айтты. Сосын мен олардан қаржы туралы сұрап едім, олар «Сізге еш көмек түскен жоқ, бір теңге де түскен жоқ» деді. Мен сотқа беремін, арыз жазамын деген соң, бір аптадан кейін біздің видеомыз желіден алынып тасталды», - дейді Ақайша Бейсенбаева.

Ақайшаның айтуынша, шу шығып кетпес үшін оған кейін 100 мың теңгедей көмек көрсеткен. Артынша мүлдем жоқ болған. Әлеуметтік желіде «Ақ сенім» көрсеткен мекенжайға бардық. Бірақ бизнес орталықта ондай ұйым атымен жоқ болып шықты.

Телефон нөмірлері де өшірулі. Интернеттегі мұндай ақша жинайтын ұйымдардан бөлек, мүгедек балалардың суретін жәшікке жабыстырып, көше кезетіндер де соңғы кезде Алматыда еселеп артыпты. Бірақ әңгімеге тартайын десең, ат-тонын ала қашады.

Заңгерлер алаяқ еріктілердің қақпанына түспеу үшін, алдымен егжей-тегжей ол ұйымды тексеруге кеңес береді. Аты бар да, заты жоқ қайырымдылық орталықтарының дені тіпті тіркелемеген де болуы мүмкін. Ал «алдандым» деген жағдайда міндетті түрде арыз жазу керек дейді заңгер Сергей Уткин.

«Он адамның біреуі ғана арыз жазуға дейін баруы мүмкін. Қалғаны тергеуге уақытын құртқысы келмей, қолын бір сілтейді. Негізінен қайырымдылық ұйымдары Әділет министрлігінде тіркелуге тиіс. Қанша табыс түсті, құрамында қанша адам бар, осы секілді ақпаратты қалаған адамның білуге құқығы бар», - деді загер Сергей Уткин.

Ақайша Бейсенбаева сеніміне селкеу түсірген «Ақ сенім» ұйымына өзі секілді өзге аналардың да алданып қалғанын қаламайды. Айтуынша, учаскелік полицейге арыз жазғанымен, мұндай істі әкімшілік сот қарайды деп қабылдамай қойыпты. Алматының Полиция департаменті де бұл қайырымдылық ұйымына қатысты әзір ешкімнен ешқандай арыз түспегенін жеткізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.