Бір айда 4 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді
2021 жылдың қаңтар айында Қазақстанда «Алаяқтық» бабы бойынша 4 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,9%-ға көп, деп хабарлайды Finprom.
Оның ішінде, ең көп тіркелгені – интернет-алаяқтық (1,8 мың құқықбұзушылық). Төлем карталарын пайдалану, несие рәсімдеу және жылжымайтын мүлік заемы салаларында алаяқтық ісі көп тіркеледі.
Оқи отырыңыз: Банк атынан хабарласатын алаяқтармен қалай сөйлесу керек?
Алаяқтық оқиғалар ең көп анықталған өңірлер - Қазақстанның үш мегаполисі: Алматыда – 824, Нұр-Сұлтанда – 524, Шымкентке 433 құқықбұзушылық тіркелген. Ең аз көрсеткіш СҚО-да: 71 құқықбұзушылық анықталған.
2021 жылдың қаңтарында «Алаяқтық» бабы бойынша келтірілген залалдың белгіленген сомасы 1,8 млрд теңгені құрады. Жеке тұлғаларға 1,1 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген. Ал мемлекетке келтірілген залал көлемі 529,9 млн теңгені, заңды тұлғаларға 82,7 млн теңгені құрады.