$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.03.2021, 12:18
Қоғам

Пандемия кезеңінде өлім-жітім де, бала туу көрсеткіші де артты – сарапшы

Қазақстанда жазатайым оқиғалардан болатын өлім саны азайған

Пандемия кезеңінде өлім-жітім де, бала туу көрсеткіші де артты – сарапшы
көрнекі сурет

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков 2020 жылғы демография саласындағы жағдай туралы айтты.

Пандемияға қарамастан, 2020 жылы елімізде 425,6 мың бала дүниеге келді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға көп. Бұл көрсеткіш осыдан 33 жыл бұрынғы - 1987 жылғы рекордты басып озды. Ол кезде бір жылда 417,1 мың бала дүниеге келді.

Былтырғы бала туу көрсеткіші негізінен төрт өңірге тиесілі – Түркістан (24%), Алматы (16%) және Қызылорда (10%) облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы (13%).

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, сәуір айында жаңа туған нәрестелер саны 2019 жылдың сәуірімен салыстырғанда 26%-ға азайған. Бірақ маусым айында өсім сондай 26%-ды құрады.

«Біз мұның неге байланысты екенін нақты білмейміз, бірақ бұл жерде техникалық қиындықтар мен денсаулық сақтау саласындағы жағдай әсер етті деп болжаймыз. Мүмкін, бұл мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде туу фактілерін кеш тіркеуден болған шығар. Егер карантиннің болжамды әсері өткен жылмен салыстырғанда қараша айында өсім 10%, желтоқсанда – 12% болса, көктемдегі көрсеткіштің төмендігі мен жаздағы өсімнің себебі әлі белгісіз», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ пандемия кезеңінде елде өлім-жітім көрсеткішін де артқан. Қайтыс болғандар саны 2019 жылмен салыстырғанда 22%-ға өсіп, 162,6 мың адамға жетті.

«Егер наурыз айында қайтыс болғандар саны 2019 жылдың наурызымен салыстырғанда 20%-ға, ал жалпы бірінші тоқсанда 8%-ға қысқарса, сәуірде барлығы үйде отырғанда өлім 62%-ға, ал қаңтар-сәуірде 21%-ға төмендеген. Бірақ мамыр айында бұл көрсеткіш 27%, маусымда – 51%, шілдеде - 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 127%-ға өскен. Сосын тамыз айындағы 70% көрсеткіш қазан айында 7%-ға дейін қысқарып, төмендей бастады. Алайда қарашада 19%-ға, ал желтоқсанда 15%-ға өсім байқалды», – деп атап өтті Дмитрий Шумеков.

Сарапшының айтуынша, өлім жағдайына негізінен қан айналымы жүйесі мен тыныс алу органдарында болатын ауру түрлері әсер еткен.

«Өлім себебіне қан айналымы жүйесінің аурулары ерекше әсер етті, оның үлесі 23%-ды құрады. 2020 жылы өткен жылмен салыстырғанда өлім саны 21%-ға өсті. Тыныс алу органдарының ауруларынан болатын өлім 43%-ға өсті, ал жалпы өлімнің үлесі шамамен 14%-ды құрады», – деп толықтырды Дмитрий Шумеков.

Орталық сарапшысының айтуынша, жазатайым оқиғалардан болатын өлім саны азайған.

«Пандемияның барлық зиянды әсеріне қарамастан, 2020 жылы жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан болатын өлім 10%-ға азайды, бұл барлық өлім жағдайының шамамен 7%-ы. Сонымен қатар, көлік апаттарынан қайтыс болғандар саны 19%-ға азайды», - деп түйіндеді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары