«Экспонат қоятын орын жоқ»: Ақын Сараның музейіне реставрация қажет

Автор: Azattyq Rýhy

Музей орналасқан ғимаратқа 165 жыл болған

Алматы облысындағы Ақын Сараның музейі жаңартуды қажет етеді. Мемориалды музей 1993 жылы Сара Тастанбекқызының 115 жылдық мерейтойына орай ашылған. Ақынның артында қалған мұралары ақ патшаның тұсында салынған ескі ағаш үйде орналасқан. Ақынның мұралары мен оның өскен ортасына қатысты жаңадан табылған деректер, экспонаттар тар музейге сыймай тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылындағы музейге баратын адам сирек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл ауылға да, аяулы ақынның музейіне де жетпеген. Сәйкесінше, аты Жетісу өңіре ғана емес, күллі қазаққа белгілі Сара Тастанбекқызын кең көлемде ұлықтау, дәріптеу жұмыстары кенжелеп тұр.

«Ақы Сараның мемориалды музейі орналасқан ғимарат 1856 жылы салынған. Реставрациядан өтсе де үйдің өзі ескірген. Осы музейдің жанынан үлкен ғимарат салынса дейміз. Өйткені, қорға жиналған экспонаттар, ақынның картиналары үлкен залда ілініп тұрса жақсы болар еді. Бұл Ақын Сараның Қазақстан көлеміндегі жалғыз мұражайы. Көбірек қаржы бөлінсе, жаңа ғимарт тұрғызылса дейміз. Қордағы экспонаттар сиятындай үлкен зал, бөлмелер болса... Нысан арнайы музей үшін салынбағандықтан, кейбір дүниелерді қоятын орын жоқ», - деді музейдің меңгерушісі Айгүл Әлімбаева.

Ескі музей 4 залдан тұрады. Біріші зал Сараның балалық шағынан сыр шертеді. Екінші бөлмеде ақынның өскен ортасы, таршылық заманда тағдыр тауқыметін тартқан, Сараның өміріне ықпал еткен тұлғалар туралы мағұлмат беретін дүниелер қойылған. Үшінші зал Сара Тастанбекқызының шағармашылығына арналған. Біржан салмен айтысқан сәтіндегі көрінісі бейнеленіпті. Бірақ, аты аңызға айналған қос алып туралы экспонат төбесі аласа шағын бөлмеде тұрғандықтан, ақындардың тұлғалық болмысына тарлық етеді. Әрі кең даланың аспанын әнмен әуелеткен ақындар бейнеленген  экспонаттар да олардың образын аша алмаған. Соңғы бөлмеде ақының ізбасарларына арналған жәдігерлер тұр.

«Сара Тастанбекқызы өте өнерлі, дарынды ақын болған. Мына домбыра ақынның бала кезінен ұстаған қасиетті мұрасы. Ол 8-9 жасында ән айтып, күй шертіп елдің көзіне түскен. Оның домбырасын немере інісі Мейрамбай Байтолықұлы сақтап қалған екен. Сара ақындықтан бөлек, он саусағынан іс келетін өте шебер тігінші болған. Мына тұрған тігін машинкасы мен қайшыны Сара апамыз ұзақ жыл қолданған. Бұл заттарды Сараның туған қайын сіңілісі Биғайша Кәукенбайқызы бүгінгі күнге жеткізген. Тағы бір құнды жәдігер – ол ақынның ас дайындаған қара қазаны. Оны немере сіңілісі Нұрғайша Мейрамбайқызы сақтап, осы заманға жеткізген», - деді ақын Сара музейінің экскурсоводы Алмагүл Сапарова.

Өткен заманның құндылықтарын бүгінгі күнге, келешекке жеткізетін музейдің қорында 906 экспонат бар. Бірақ орын тар болғандықтан халық назарына тек екі жүзге жуық жәдігер ғана ұсынылған. Олардың ішіндегі ең құндысы – Ақын Сараның өзі қолданған заттары. Музей ғылыми-зерттеу, экспозиция, қор, көпшілікке және баспасөзге арналған бес бағыт бойынша жұмыс жүргізуге бағытталған. Осыдан 16 жыл бұрын ескі үйге жөндеу жүргізіліп, 2012 жылы жылу жүйесі, мұражайдың материалдық-техникалық базасы сәл де болса жаңартылған. Бірақ, бір жарым ғасырдан асқан ағаш үй бәрібір бүгінгі музей талабына сай емес. 

«Бізде экскурсовод пен қор сақтаушы деген қызметкер бар. Ғылыми-зерттеуші жоқ. Экспонаттар саны көбейіп жатыр. Сараны зерттеген, оның шығармаларымен айналысқан адамдардың еңбектері де көп. Ақын Сараның кесенесі мен музейі Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енгізіліп жатыр. Бұл бізді қуантады, музейдің жағдайы жақсара ма деген үмітіміз бар. Екі жүзге жуық экспонат тұр. Музейдің ауласында жаңа ғимарат салатындай арнайы орын, жер бар. Сара мен Біржан салдың диорамалары да бөлменің көлеміне қарай қойылған. Екеуі бір-біріне қарап қана тұрмай, айналасында адамдар болса, олардың өзге де қимыл әрекеттері бейнеленсе жақсы болар еді.

 

Біз реставрация жасауға былтыр ұсыныс бердік, бірақ әлі ақша бөлінген жоқ. Диораманы өзгертуге де тапсырыс бердік. Штатта 7 адам жұмыс істейді. Жылына 2,5 мың адам музейге келеді. Бұл үйде әу баста Қапал уезінің дәрігері, генерал И.Саболевский тұрған. Ш.Уәлиханов осы дәрігерге қаралып, есік алдындағы Тамшыбұлақтың суына да емделген», - деді музейдің меңгерушісі.

Тарихи үйде ақынның өмір сүрген уақыты да ескі ақпарат бойынша беріліп, жаңартылмаған. Зерттеушілер Сара Тастанбекқызы 1853-1907 жылдары аралығында ғұмыр кешкенін дәлелдеген. Ал қабырғадағы деректе ақынның 1878 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болғаны көрсетілген. Қызметкерлер бұл олқылықты келушілерге ауызша түсіндірумен келеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы