ШұғылКоронавирус вакцинасын салдырған қазақстандықтар саны 700 мыңға жуықтады

«Әкесі - ірі шенеунік, ал баласы - алаяқ». Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің ұлы кімді алдап жүр?

Бірнеше үйін сатқан Алтынай Үсенова қазір хостелде тұрып жатыр

Коллаж

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алтынай Үсенова бұрын Сенатта аппарат басшысы, бұрынғы Сенат төрағасының кеңесшісі, былтыр Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып сайланған Серік Сыдықовтың баласына алданып қалғанын айтады. Әйелдің сөзіне қарағанда, Олжас Сыдықов алдап-арбау жолымен одан соңғы үш жылда 257 млн теңге алған. Жәбірленуші кәсіппен айналысып, өз табысының 40 пайызын бөлісуге келіскен азаматқа сұраған қаржысын беріп келген. Әйелдің сеніміне кірген шенеуніктің ұлы қаладағы ірі азық-түлік дүкендеріне («Magnum», «Small» - ред.) көкөніс жеткізумен айналысатынын айтыпты. 

Алтынай Үсенова «серіктесіне» сенгені сонша, өзінің пәтерін, туыстарының үйін сатқызып, іс бастауға қаражат жұмсаған. Ақырында сеніп жүрген 30 жастағы Олжас Сыдықовтың ешқандай да кәсіпкер емес екені әшкере болған. Ол өз атына 6 компания аштырып, жалған мөр, құжаттар жасату арқылы елді алдап келген, дейді әйел. «AMILKA» ЖШС «ALFA PRODUCT» ЖШС арқылы 350 млн теңгеге келісімшарт жасаттым деп, жалған құжат жасатқан азаматтың бірде бір тиын салық төлемегеніде белгілі болды. 

«AMILKA» ЖШС, «ALFA PRODUCT» ЖШС Олжас Сыдықовтың атына тіркелген 

Үш жыл бойы «бизнес жасап жүрмін» деп туыстарын да, серікестерін де сан соқтырған азамат 2020 жылы 20 желтоқсанда ұсталған. Алматыдағы Алмалы аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір уақытша изоляторда қамауда отырған күдіктіге «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген айып тағылған.  

фотосурет: Олжас Сыдықовтың қолхаты

Жәбірленуші Алтынай Үсенова күдіктінің ОСК-ға мүше болып отырған жоғары шенді туыстары тергеуге кедергі жасап отыр деп есептейді. Оның айтуынша, үш айдан бері тергеу жүріп жатқан жоқ, ал адвокаты мен келтірген дәлелдері қылмыстық іске тіркелмеген. Ал, күдіктінің компаниялардағы есепшоттары әлі бұғатталмапты. Сондықтан, Алтынай Үсенова Сыдықовтың әкесінен жағдайға араласпауды және тергеу барысына ықпал етпеуді сұрайды. 

«Серік Сләмжанұлы, мен Сізді және отбасы мүшелеріңізді сырттай танимын. Сіздің жалғыз балаңыз Олжас бірге кәсіп жасаймыз деп, мені алдау арқылы қаржы алып келді. Менің қолымда барлық дәлелдер бар, қолхат, келісім шарт, атқарылған істің актілері тұр. Бірақ қаржыны қайда жұмсағаны белгісіз, үш жылда маған бір тиын берген емес. Ол менің үйімде дастарханда отырып, ылғи қонып, інілеріммен дос болып жүріп, сеніміме кірді. Сол үшін әке-шешемнің үйін, Астанада жұмыстан алған пәтерімді, Алматыдан өз күшіммен алған баспанамды сатып бердім. Қазір өзім баспанасыз қалдым. Хостелде тұрып жатырмын. Мен АҚШ-та білім алдым, халықаралық мұнай компанияларында жоғары жалақымен 25 жыл жұмыс істедім. Сөйтіп адал табысыммен баспана алдым. Туыстарыма көмектестім. Қарауымда мүгедек ағам мен шешем бар. Енді алаяқтық әрекеттен далада қалып отырмын. Сіз тергеу барысына ықпал етпейді деп сенемін», - дейді А. Үсенова.  

Фотосурет: Алтынай Үсенова 

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісі 2020 жылы 30 сәуірде ҚР ОСК мүшесі болып сайланған Серік Сләмжанұлы Сыдықовқа хабарласты. Парламент Сенатында 10 жыл қызмет еткен азамат ұлының әрекетіне жауап бермейтінін және істің тергеуге байланысты екенін айтты. Егер ұлы Олжас Сыдықов кінәлі болса, жазасын алсын деп жауап берді. 

«Иә, Олжас деген менің 31 жастағы балам бар. (Ұлымның – авт.) ондай заңсыз әрекеттері туралы хабарым болған жоқ. Себебі ол жеке тұрады. 7-8 жылдан бері Алматыда тұрады, мен Астанада (Нұр-Сұлтан - ред.) тұрамын. Заңның шет жағасын білсеңіз, мен оның іс әрекетіне жауап бермеймін. Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу жүріп жатқанда оған кедергі жасауға болмайды. Егер кінәлі болса, тиісті жазасын алады, кінәсі жоқ болса, басқаша жағдай болады... Мен білмеймін, ол өзінше жеке шаруасымен айналысады, бізден бөлек тұрады», - деді Серік Сыдықов.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы