СҚО мұғалімдері электронды күнделік толтырмайтын болды

Автор: Azattyq Rýhy

Интернеті жоқ ауыл мұғалімдеріне облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың өзі араша түсті

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов интернет желісіне қосылмаған бірқатар ауыл мектебі мұғалімдерін электронды күнделік толтырудан босатты. Бұған дейін ұстаздар бұл жұмысты басшылықтың мәжбүрлеуімен атқарып келген, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті отырысында цифрландыру мәселелері талқыланды. Жиын барысында Құмар Ақсақалов интернет желісі жоқ ауылдарда мұғалімдерді электронды күнделікті толтыруға мәжбүрлеу фактілері бар екенін ашып  айтты.

«Интернет жоқ ауылдарда электронды күнделікті толтыру қисынға келмейді. Мұғалімдерді мәжбүрлемеңіздер. Интернеттің жылдамдығы төмен болғасын, мектепте түнде жұмыс істеуге тура келеді.  Тіпті, кейбір мұғалімдер көрші ауылға барып, толтырады дегенді естідім. Мұндай бассыздыққа жол берілмесін», - деді Құмар Ақсақалов.

Елімізде 2021 жылға дейін жалғасатын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жиында межелі мерзімге дейін мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін мейлінше пайдалану қажеттігі де сөз болды. Келешекте мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы халыққа электрондық форматта ұсынылады. Бақылау-кассалық машина, электрондық күнделік. Осының бәріне сапалы интернет қажет.

«Облыста 338 елді мекен сапалы интернетпен қамтылған. Біз ауыл шаруашлығын, медицина, білім салаларын цифрландырамыз деп жатырмыз. Жылдамдығы жоғары интернет болмаса мұның бәрі бос әурешілік. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында  2020 жылы 236 ауылды, 2021 жылы 196 елді мекенді интернетпен қамту жоспарда бар. Нәтижесінде, өңірдегі елді мекеннің 86 пайызында жоғары жылдамдықтағы интернет болуы керек. Облысымызда қолма-қол есеп айырысу амалдарын азайту керек. Осы арқылы біз көлеңкелі экономикаға тосқауыл боламыз. Қазіргі таңда көптеген «пысықайлар» нақты табысын жасырып жүр. Біз цифрлық жүйені мейлінше көп жерде пайланасақ, соғұрлым заңсыз әрекетке баратындардың жолын кесеміз», - деді аймақ басшысы Қ.Ақсақалов. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО