Аналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде 1 миллион бала кедейлікте өмір сүріп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаттары Қазақстанда аналық капитал енгізіп, дүниеге келген бала үшін 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«ЮНИСЕФ зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың 15,6 пайызы жағдайы өте төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Яғни, елімізде 1 миллион бала кедейлікте өмір сүріп келеді. Отандық ғалымдардың зерттеуінше, көпбалалы болу кедейліктің факторына айналып барады. Мәселен, тұрмысы төмен қазақстандықтардың 80 пайызының отбасында 5 және одан көп адам бар. Статистика бойынша, Қазақстанда көпбалалы 340 мың отбасы бар», - дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов.

Оның сөзінше, бір, екі немесе үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әке көмекке мұқтаж болса да әлеуметтік қолдау көрсететін топқа кірмейді. Ал, мұндай отбасылардың саны елімізде жарты миллионнан асуы мүмкін. Олардың басым бөлігі – жалғызбасты аналар.

«Билік түсінуі керек, балалардың кедейлікте өмір сүруі ертең мемлекетті кедейлікке ұшыратады. Сәбилердің денсаулығына, білім алуына ерте салынған инвестиция болашақта саналы, бақуатты ұрпақтың өсуіне негіз болады. Бізде қазір балаға салынатын негізгі инвестицияның бәрі ата-ананың қалтасынан төленеді. Алайда, оның пайдасын көретін – мемлекет пен қоғам», - деді депутат.

Ол премьер-министрден ана мен балаға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек түрлерінің бәрін қайта тексеріп, пысықтап және оған баға беруін сұрады.

«Елімізде аналық капиталды енгізу қажеттілігі туындап тұр. Ол бойынша мемлекет Қазақстан азаматтарына дүниеге келген әр бала үшін 4,2 миллион теңге беруі тиіс. Бұл қаражат отбасының баспана мәселесін реттеуіне немесе баланы оқытуға, ананың зейнетақы жинағына жұмсалуы керек», - деді Е.Смайылов.