ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Футбол ойнай алмайсың». Буллинг құрбаны болған мектеп оқушысы өзіне қол жұмсады

Қазақстанда баланы буллингке ұшыраудан қорғау мақсатында жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр

көрнекі сурет

Қазақстанда мектеп оқушысы футболды нашар ойнағаны үшін сыныптастары тарапынан буллингке (жәбір) ұшырап, өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Спикердің айтуынша, сөзбен қорлау баланың психикасына теріс әсер еткен.

«Тергеу тәжірибесінен нақты мысал келтірейін. Біздің еліміздегі мектептердің бірінде 12 жастағы оқушылар сыныптастарын футбол ойнай алмағаны үшін жүйелі түрде бақылап, троллинг жасап отырған. Бірнеше матчта команда жеңіліс тапқаннан кейін, сыныптастары сол балақайға жәбір көрсете берген. Бұл баланың өзіне-өзі қол жұмсауына әкелді», - деді Марат Қожаев.

Мәжіліс депутаты Динара Закиева Қазақстандағы оқушылардың 12 пайызы буллингке (жәбір көру) ұшырағанын хабарлады. Айтуынша, былтыр осындай жағдайдың құрбаны болған 143 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсады.

«Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, елдегі оқушылардың 12 пайыздан астамы қудалауға, қорқытуға ұшыраған. Былтырдың өзінде 143 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсады. Кәмелет жасқа толмаған 306 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсауға әрекет жасады. Сонымен қатар, интернет-кеңістікте технологиялардың дамуымен, әлеуметтік желілердің танымал болуымен, қудалаудың жаңа түрі - кибербуллинг те өзекті бола түсті», - деп мәлімдеді депутат.

Динара Закиеваның айтуынша, білім беру мекемелеріндегі буллинг жағдайын талдау, сарапшы-психологтардың ұсыныстары, ата-аналар қоғамдастығының үндеуі мектепте және басқа да балалар мекемелеріндегі балаларға қатысты қорлауды болдырмау және оған ден қою бойынша жүйелі шаралар қабылдауға себеп болды.

«Жұмыс тобы аясында заңда қудалау ұғымын бекіту ұсынылады. «Білім туралы» заңға уәкілетті білім беру органының, яғни Білім және ғылым министрлігінің құзыреті, міндеті енгізіледі. Әрбір басшы, мұғалім баланы қалай қорғау, қолдауды білуі, оқушылардың бір-біріне құрметпен қарауын дамытуды қолға алуы үшін жасалып отыр», - деп сөзін жалғады депутат.