Газбен жүретін көліктерді жабық тұраққа қоюға тыйым салынғанымен, оларды қадағалап жатқан ешкім жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

Республика бойынша газбен жүретін 350 мыңға жуық автокөлік бар

көрнекі фото

Дүйсенбіде Azattyq Rýhy редакциясына елордадағы «Шатыр» тұрғын үй кешенінің тұрғыны хабарласып, үй астындағы автотұраққа газбен жүретін көлік қойылғанын және ол көліктен шыққан газ иісінің 9 қабатты үйге тарағанын айтты. Атын атамауды жөн санаған тұрғын мұндай жағдай жиі қайталанатынын, күзетшілер қай көліктің газбен немесе жағармаймен жүретінін анықтай алмайтынын жеткізді. Өйткені, газбен жүретін көлікті сыртынан қарап ажырату мүмкін емес.

Алайда, газбен жүретін көліктердің жабық автотұрақтарға кіруіне тыйым салынғанымен, оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Өйткені, шағын кәсіп иесінің қарауына берілген нысандар бірқатар тексерістерден босатылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқарма басшысы Еркін Отарғалымұлы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде республика бойынша 350 мыңға жуық автокөлік газбен жүреді. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап елімізде газбен жүретін жеңіл транспорт түрлеріне жабық тұраққа кіруге тыйым салынды. Өйткені, елімізде мұндай автомобильдердің өртке орану жағдайы азаймай отыр.

«Басты қауіп – жарылыс. Газ баллонының толтырылу сыйымдылығы 85 пайыздан аспауы тиіс. Яғни, 15 пайызы бос кеңістік ретінде қалуы керек. Ал баллондарды жүз пайыз толтыру үшін оған артық қысымды реттеуге арналған арнайы клапан қолданылады. Жүргізушілердің көбі сол клапанды орнатпайды, бірақ баллонын жүз пайыз толтырып алады. Сосын суықтан жылы жерге кірген кезде газдың көлемі кеңейіп, оның жарылу қаупі туындауы мүмкін», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқарма басшысы Еркін Отарғалымұлы.

Қолданыстағы заң аясында газбен жүретін көлігін жабық тұраққа кіргізген тұлғаға әкімішілік айыппұл тағайындалады. Дәлірек айтқанда, заң бұзушы тұлғаға Әкімшілік кодекстің 410-бабына сәйкес ескерту немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жүргізуші бір жыл ішінде бұл әрекетін тағы да қайталаса, айыппұл көлемі екі есеге артады.

Өрт қауіпсіздігіне жауапты Төтенше жағдай департаменті жылына бір мәрте тексеріс шарасын ұйымдастырады.

«Бүгінде өрт қауіпсіздігі саласындағы тексеру жүргізудің өзіндік тәртібі бар. Мәселен автомобиль саны 100 және одан да көп бірліктерге арналған автокәсіпорындар, автотұрақтар, оның ішінде паркингтер жоғары тәуекел дәрежесіне жатады. Оларды жылына бір рет тексеріп отырамыз. Оны тексеру үшін біз аталған нысанды есепке алуымыз керек. Есепке алғаннан кейін, егер де заңмен қаралған шектеулер болмаса, сол кезде біз оны жоспарлап, тексеру кестелерін құрамыз», - деді Еркін Отарғалымұлы.

Зерделеп қарасақ, қаладағы көптеген үйлердің паркингтеріне қандай көлік кіріп, қандайы шығып жатқанын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Алайда, оның да себебі бар болып шықты.

«Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жарияланған мараторийға сәйкес, өрт қауіпсіздігі саласында кіші және микробизнес субъетілерін тексеруге тыйым салынған. Қазір паркингтерге қызмет көрсететін КСК-лардың барлығы жеке кәсіпкерлердің иелігінде. Ал олардың көбі өз кезегінде шағын бизнес субъектілеріне жатады. Дегенмен кез келген КСК төтенше жағдайлар қызметіне жүгініп, бастамашыл өтініш негізінде өз объектілерінің өрт қауіпсіздігі жағдайын тексерістен өткізулеріне болады», - деді басқарма басшысы.

Бір қызығы, көліктердің қайсысы газбен, қайсысы бензинмен жүретінін сырттай ажырату мүмкін емес. Өйткені газбен жүретін көліктерге еш белгі қойылмайды. Аталған мәселе ІІМ-нің де, ТЖМ-нің құзырына кірмейтін болып шықты.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан