Елжан Біртанов дәрігердің ауыр жұмысы жайлы жазылған жазбаны оқып, жұмысына адалдығы үшін оған алғыс білдірді
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандық дәрігердің жұмыстың қиындығы, кадр жетіспеушілігі және емделушілердің дөрекі қарым-қатынасы туралы әлеуметтік желіде аноним түрде айтып берген жанайқайы жайлы жазбаға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство басшысы дәрігердің ауыр қызметі жайлы жазылған жазбаны оқып, жұмысына адалдығы үшін оған алғыс білдірді.
«Өзім де білемін - кейде емделушілердің ауыр сөзі көңілге тиіп жатады. Бірақ сіз бұл дөрекіліктің бәріне назар аудармай, медицинадағы қызметіңізді әрі қарай жалғастырасыз деп сенемін. Себебі, қызметіңізге адал маман екеніңіз бірден көрініп тұр. Яғни, сіз – бүгінгі медицина мен халыққа керек нағыз мамансыз. Мен сізге сабырлылық, ең бастысы, мықты денсаулық тілеймін! Құрметті әріптестер, абай болыңыздар. Сіздер халыққа керексіздер!», - деді Біртанов Facebook желісіндегі парақшасында.
Айта кетсек, маңғыстаулық дәрігер Instagram желісіндегі v.aktau парақшасында аноним түрде өз жұмысының көптеген қиын тұстары туралы айтқан еді.
«Мен бір күн сайын жұмыс істеймін, себебі маман жетіспейді. Шыны керек, қатты шаршаймыз. Біздің де отбасымыз, бала-шағамыз бар. Соңғы рет қашан киноға барғаным да есімде жоқ. Балалар өз бетімен өсіп жатыр. Біз күніне 200 адамды қабылдаймыз. Емделушілер өте дөрекі сөйлеседі. Кейбір қыздар бетімен кеткен, ұятсыз. Ал «жоғарыдағылар» Құдай сияқты... Интернетте бізді ақымақ, дөрекі деп айыптап, емдеу қолдарынан келмейді деп жатады. Ал өздерің қандайсыңдар? Біз сендерге қызмет көрсетуіміз керек пе, әлде көмектесуіміз қажет пе? Емдеуіміз керек пе, әлде күліп тұруымыз керек пе?..», – деген еді дәрігер.