Көпбалалы аналарға берілген үйлердің ауласы кең, тұрмысқа қолайлы
Тұңғыш Президент күніне орай Алматы облысының Көксу ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 19 көпбалалы отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Балпық би ауылдық округінде көпбалалы және баспанаға мұқтаж 10 отбасыға, Мұқаншы ауылдық округінде 3 отбасыға, Мұсабек ауылдық округінде 1 отбасыға, Еңбекші ауылдық округінде 2 отбасыға, Алғабас ауылдық округінде 1 отбасыға, Жарлыөзек ауылдық округтерінде 2 отбасыға пәтер кілті табысталды. Көпбалалы аналарға берілген үйлердің ауласы кең, тұрмысқа қолайлы.
Қоныстой қуанышына бөленгендердің бірі - Ибраимовтар отбасы.
Асымжан мен Ақбілек Ибраимовтар15 жыл бұрын үйленген. 4 баланы дүниеге әкеп, тәрбиелеуде. Олардың бір перзенті тумысынан мүгедек.
«Үйленгелі бері пәтер жалдап тұрамыз, қаражат жинап баспана алуға еш мүмкіндігіміз болмады. Отағасы Асымжан «Балпық« ЖШС-да жалдамалы жұмыс жасайды. Мен бала тәрбиесімен үйдемін. Кішкентайымыз жаңа дүниеге келді. Отағасының табысы балалардың киімі, азық-түлікпен кетеді. Бүгін міне, баспаналы болып, қуанышымызда шек жоқ», - дейді Ақбілек Ибраимова.
Айта кетейік, Көксу ауданында жыл басынан республикалық бюджеттен 247 млн теңге бөлініп, көпбалалы баспанаға мұқтаж 40 отбасына баспана кілті табысталса, кәсіпкерлердің көмегімен 7 отбасы баспаналы болған.