Не себепті ЭКО зейнетақы есебінен төлеуге болатын медициналық қызметтер тізіміне енбеді?
Қазақстанда биылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды
Зейнетақы жинағы есебінен төлеуге болатын медициналық қызметтердің тізбесі қажеттілік туындаса, экстракорпоралдық ұрықтандырумен де толығуы мүмкін. Бұл туралы Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева мәлімдеді.
«Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен зейнетақы жинағы есебінен ЭКО бойынша операциялардың жоқ болуына қатысты сын көп. Неліктен ЭКО бұл тізімге енгізілмеген?» - деген журналистің сұрағына спикер жауап берді.
ДСМ өкілінің айтуынша, болашақта тізімді қайта қарауға болады.
«2021 жылдан бастап бізде «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы басталды. Қазақстанда жыл сайын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында 1 000-ға жуық квота бөлінеді. Биылдан бастап квоталар саны жеті есеге - жеті мың квотаға ұлғайтылды. Сондықтан МӘМС аясында бұл қызметтер мұқтаж отбасыларға қатысты критерилерге сәйкес ұсынылатын болады. Егер шын мәнінде осындай қажеттілік болса, біз бұл мәселені әрі қарай қарастырып, осы ережелерге енгізе аламыз», - деп түсіндірді Гүлнәр Сәрсенбаева.
Спикер балалы болғысы келетін кезектегі жұптар үшін 7 мың квота жеткілікті екенін айтады.
«Егер қажеттілік болса, бізде ЭКО жүргізуге жыл сайын қаражат бөлінетін болады. Осы қаражат аясында аталған қызметті жасауды жоспарлап отырмыз. Бірақ тізім (зейнетақы жинақтары арқылы төлеуге болатын медициналық қызметтер тізімі) жаңартылады», - деді ол.
Сондай-ақ, Гүлнәр Сәрсенбаева қазақстандықтар елде жоқ медициналық қызметтерге мұқтаж болуы мүмкін екенін түсіндірді.
«Радионуклидтік, радиохирургиялық терапия сияқты технологиялар бар. Олар бүгінде Қазақстанда енгізілмеген. Бірақ бізде ұлттық онкология ғылыми орталығы салынуда, онда осы технологиялардың барлығын енгізу жоспарлануда. Біз Қазақстанда енгізген кезде, сәйкесінше, бұл қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде біздің азаматтарға ұсынылатын болады», - деп толықтырды ол.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан