$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.02.2021, 13:22
Қоғам

Алматы облысында жаңадан салынған амбулатория апаттық жағдайда жабылып қалды

Медициналық мекемені салуға мемлекеттің 164,5 миллион теңгесі жұмсалған

Алматы облысында жаңадан салынған амбулатория апаттық жағдайда жабылып қалды

Алматы облысында мемлекеттің қырауар қаржысына салынған тағы бір ғимарат қолданылмай жатып істен шықты. Бұған дейін Ескелді ауданы Қаратал ауылындағы құлайын деп тұрған жаңа меткеп туралы жазған болатынбыз. Белгілі болғандай, дәл осы ауылдағы су жаңа дәрігерлік амбулатория да қирап қалған.

Жергілікті билік 2013 жылы 164,5 миллион теңге бөліп, 50 төсек-орынға шақталған медициналық мекеменің құрылысын бастайды. Артынша оның ішін медициналық аппараттармен жабдықтау үшін тағы 29,2 млн теңге бөлген. Алайда, небәрі төрт жыл өткенде шағын ғимараттың іргетасы қисайып, қабырғалары жарыла бастаған.

«Ескелді аудандық орталық ауруханасының» МКК әкімшілігі осы жағдайға алаңдап, Ескелді ауданының «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 14.03.2019 жылғы шығыс №01-15/331 хатымен бірнеше рет жүгінді. Алматы облысының «Құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 03.03.10 ж. шығыс №01-15/1024 хаттардың түпнұсқасын және Ескелді ауданының прокурорына, Ескелді аудандық полиция бөлімінің басшысына және Ескелді ауданы әкімінің аппаратына, сондай-ақ Ескелді ауданы әкімінің аппаратына 07.11.2019 жылғы № 01-15/1181 шығыс хаттарын жолдаған», - деді Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Алима Нүсіпова.

Ауылдағы дәрігерлік амбулаториянының құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Ishedo Energi» ЖШС жүргізген. Тендерді ұтқан компания 2013 жылдың мамыр айында келісімшартқа отырып, қара күзде құрылысты тапсырып үлгерген. Олар 29,2 млн теңгеге медициналық құрылғылар, техникалық жабдықтар мен жиһаздар сатып алған.

«Келісімшарттың жалпы сомасы 164 532 156 (жүз алпыс төрт миллион бес жүз отыз) тенгені құрайды. Бүгінгі таңда Қаратал дәрігерлік амбулаториясының ғимараты аппаттық жағдайда болғандықтан  жұмыс істемейді. Жоғарыда айтылған жағдайға байланысты ШЖҚ «Ескелді аудандық орталық ауруханасы» МКК мердігер «Ishedo Energi» ЖШС-не қарсы талап қойды. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2019 жылғы 10 маусымда бұл талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Өйткені, ШЖҚ «Ескелді аудандық орталық ауруханасы» МКК-нің Қаратал селосының дәрігерлік амбулатория 05.02.2013 ж. № 62/05/13 құрылысына келісімге қатысушы емес. Бұл келісім Алматы облысының құрылыс басқармасы мен «Ishedo Energi» ЖШС арасында жасалған», - деді Ескелді аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал, тапсырыс беруші Алматы облысының құрылыс басқармасы «Ishedo Energi» ЖШС сотқа беруден бас тартқан. Басқарма басшылары мердігер міндеттемелерді «толық орындаған» деп санайды. Оның үстіне, үш жылдық кепілдік мерзімнің уақыты да 2019 жылдың ақпан айында аяқталған. Қирап, құлаудың алдында тұрған ғимарат аудандық аурухананың балансына берілген. Ауылда үш мыңдай адам тұрса, олардың бес жүзден астамы диспансерлік есепте. Дәрігердің көмегіне зәру.

«Ауылдық диспансерде 43 көпбалалы отбасы, 63 мүгедек адам және әр түрлі қауіпті аурулармен 375 адам есепте тұр. Апаттық жағдайдағы дәрігерлік амбулаторияның сараптамасы шыққан соң ғимараттың тағдыры шешіледі. Жаңа дәрігерлік амбулаторияның ғимараты ескі дәрігерлік амбулаторияның жанында орналасқан. 3 күзетші апаттық жағдайдағы ғимаратты тәулік бойы күзетіп келеді», - деді Ескелді аудандық ауруханасы статистика бөлімінің басшысы Гүлнар Мамырова.


Ескі дәрігерлік амбулатория

Қаратал дәрігерлік амбулаториясында 2 дәрігер, 9 орта медициналық қызметкер, қарауыл және жүргізуші штаттық режимде жұмыс істеген. Алайда, 2018 жылдың соңында амбулаторияда науқастарды қабылдау қауіпті болғандықтан ғимарат есігіне амалсыз құлып салған. Амбулатория қызметкерлері мен медициналық жабдықтар эвакуацияланып, 1930 жылы салынған ескі үйге көшіп келген. Мемлекеттің қыруар ақшасына салынған амублаторияның ресми түрде апатты деп танылғанына екі жылдан асқан. Ауылдағы үш мың адам қаралатын мекеменің істен шығуына байланысты ҚР ҚК 278 бабы (Сапасыз салынған құрылыс) бойынша іс қозғалған. Алайда, Ескелді аудандық полиция бөлімінің сағызша созылған тергеуі екі жылдан бері әлі бітер емес. Ауыл дәрігерлері 90 жылдан асқан, көлемі 100 шаршы метрлік ескі үйде тағы қанша жыл отыратыны белгісіз. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары