Мемлекетке 650 млн теңге залал келтірген ақтөбелік сотталды
Ол 3,6 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысында нақты жұмыс атқармай, тауарды жеткізбестен жалған шот-фактуралар жасаумен айналысқан азаматтың заңсыз әрекетіне тоқтау салынды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ақтөбе қаласының тұрғыны 2017 жылы 9 компания құрып, өз атына ЖШС ретінде тіркеп, қосымша құн салығын төлеуші ретінде заңды тұлғаны тіркеу рәсімінен өтіп, екінші деңгейлі банктерде банктік шоттар ашып, контрагенттерді іздестіру арқылы қаражатты өзінің ЖШС-ы арқылы шығарып алған.
Мемлекетке келтірілген залал мөлшері 650 миллионнан астам теңгені құрады.
Ақтөбе қаласы сотының үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 216-бабы 3-бөлігі бойынша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдар атқару құқығынан айырылды.