Ерекше етік: Қызылжарлықтар аяқ киімді тапсырыспен тіктіреді
Қазақстанда былғарыдан бұйым жасайтын ірі фабрикалар жоқ
Петропавлдағы шағын цех айына 500 жұп аяқ киім шығарады. Кәсіпорын одан да көп өнім жасауға қауқарлы. Алайда шикізат тапшылығы қолбайлау, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Цех аяқ киімнің 100-ден астам моделін шығарады. Өнім Петропавл тұтынушыларынан қалмайды. Кәсіпорын басшысы Виктор Петросянның жоспары көп. Солардың бірі өнімдерін өзге облыстарға шығару, былғарыдан басқа да бұйымдар жасау. Алайда оны жүзеге асыруға кедергі келтіретін қиындықтар баршылық.
«Шикізатты Ресейден аламыз. Сондықтан өнім бағасы рубль бағамына тәуелді. Кейде тапсырысымыз уақытында келмейді. Тасымал жағы да жұмысты тежейді. Оның барлығы кәсіпорын жұмысына кері әсер етеді. Жаңа жылдан кейін жанармай бағасы көтерілетінін естідік. Ол да өндіріске тікелей әсер етеді. Аяқ киімдердің өзіндік құны қымбаттап шыға келеді. Ол тұтынушының қалтасын қағады», - дейді серіктестік директоры.
Аяқ киімдер жоғары сұранысқа ие. Таза былғары мен теріден жасалған өнімнің сапасы да жақсы. Татьяна Зубарова осы дүкенінің тұрақты тұтынушысы. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты аяқ киімді талғап киетін әйел етіктерін арнайы тапсырыспен ғана жасатады екен.
«Бұл дүкеннен осымен үшінші аяқ киім алып тұрмын. Бүгін қысқы етігім дайын болды. Жылы, ең бастысы аяғыма жайлы. Қонышы тізеге дейін келетін ұзын етіктің бағасы 45 мың теңгеге түсті. Мәселен, мұндай импорттық тауардың құны кемінде 70-80 мың болар еді. Аяқ киімдері жыртылмайды. Тек 5-6 жыл киіп, жалыққан соң, басқасына тапсырыс беремін», - дейді тұтынушы.
Цехта небәрі 5 адам қызмет етеді. Себебі маман тапшы. Виктор Петросян бұл мәселені шешу үшін жұмысқа келгендерді өзі оқытып, аяқ киім тігудің қыр-сырын үйрететінін айтады. Одан басқа амал жоқ.
«Мен аяқ киімнің үстіңгі бөлігін тігемін. Асқан дәлдік қажет. Тігін машинкасын сезіне білу шарт. Есте сақтау қабілетінің жақсы болғаны да маңызды. Біз шығаратын модель түрі көп. Пішілген былғарының қай бөлшегі қай жерге келетінін қателеспей тігу керек. Ең бастысы – жұмыс ұнау керек. Мыңдаған аяқ киім тіктім. Таза былғары мен теріден жасалған аяқ киім ыңғайлы болады гой. Балаларым да, немерелерім де киеді. Тәжірибемде мыңдаған аяқ киім тігіп шығардым. Өйткені өз ісімді жақсы көремін», - дейді аяқ киім тігудің шебері Лариса Скугарева.
Тігіншінің қолынан шыққан бұйым етікшіге жетеді. Аталған маман аяқ киімнің үстіңгі қабатына табанын жапсырады. Бір қарағанда оңай көрінгенімен, оған да асқан шеберлік қажет. Цехтағы барлық аяқ киімдер Константин Козловтың қолынан өтеді.
«Аяқ киімді қалыпқа салып тартып, табанын жапсырамын. 2001 жылдан осында еңбек етіп жүрмін. Қазір күніне орта есеппен 8 аяқ киім жасап жүрмін. Маусымдық сұраныстар көбейген кезде жұмысым тіпті көбейеді», - дейді Константин.
Аядай ғана бөлмеде күніне ондаған аяқ киім шығарылады. Қажетті шикізат, қалыптар мен арнайы құрылғылардың барлығы бір жерде.
«Бұл кәсіп менің ата-анамнан қалған. Қазір олардың ісін жалғастырып жатырмын. Отбасылық бизнесте ағам мен әйелім де еңбек етеді. Аяқ киім өндірісі саласында маман жоқ. Амалсыздан жұмыс сұрап келгендері өзіміз үйретеміз. Тері бұйымдардың дизайнін өзім жасаймын. Әйелім тапсырыс қабылдап, тауарды сатады. Болашақта қыз-келіншектерге арналған сөмкелер шығармақшымын. Ол да тағы да шикізат мәселесіне келіп тіреледі», - дейді Виктор Леонович.
Ал ауылдағы ағайын асырап-баққан малдың терісін амалсыздан қоқысқа тастайды. Өйткені оны қабылдайтындар азайған. Петропавлда бір кездері жұмыс істеп тұрған былғары зауыты қазір жабылған. Кәсіпорын басшысы өндіріс орнындағы дағдарысты сұраныстың аздығымен түсіндірді. Оның айтуынша, Қызылжардағы 4 аяқ киім цехы үшін жұмыс істеуге тиімсіз. Қазақстанда былғарыдан бұйым жасайтын ірі фабрикалар жоқ.
Елімізде жүн өңдеу өндірісі де кенже қалғаны жасырын емес. Жеке шаруалар мен ірі серіктестіктің малының терісі мен қырқылған жүнінің бір бөлігін делдалдар арзанға сатып алып, Қытай, Түркия, Ресей сияқты өндірісі дамыған мемлекеттерге жөнелтеді. Жергілікті халық оны дайын бұйым түрінде бірнеше есе қымбат бағаға қайта сатып алады. Жүннен бұйым жасаудың экономикалық тұрғыдан тиімділігмен қатар, денсаулыққа да пайдасы зор. Оны дәрігерлер де растайды.
«Жүн – таза табиғи өнім. Оны тек жылу үшін ғана емес, емдік мақсатта да пайдалануға болады. Жүннің талшықтары массаждық эффект береді. Оның жалаңаш аяққа кисе, қан айналымын жақсартатын қасиеті бар. Қазір шығыс медицинасы жоғары сұранысқа ие. Адамның табанында ағзаның барлық мүшелерінің қызметіне жауап беретін нүктелер бар. Жүннің талшықтары сол нүктелерге әсер етіп, денсаулыққа пайда әкеледі», - дейді балалар дәрігері Гүлжан Қазенова.
Алайда, ауылдарда бұрынғыдай жүн түтіп, жіп иірген қыз-келіншек түгіл, әжелерді де кездестіру қиын. Малдан шыққан терінің де қоқыста шіріп қалып жақтаны өкінішті. Ал былғарыдан бұйым шығаратын кәсіпорындарда шикізат тапшы. Бұл да қолда барды игере алмай отырғандығымыздың тағы бір көрінісі.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО