Алматыда COVID-19-ға қарсы күреске үлес қосқан еріктілер марапатталды
Пандемия кезінде халыққа түрлі көмек көрсеткен 30-дан астам қоғамдық ұйым өкілдерінің еңбегі аталды

Алматылық еріктілерге COVID-19-ға қарсы күреске қосқан үлесі үшін наградалар табыс етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қала еріктілеріне «Халық алғысы» медалін, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын, сондай-ақ қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың алғыс хаттарын табыс етті. Сонымен қатар, қала белсенділеріне ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой атынан пандемиямен күрестегі қажырлы еңбегі, мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға және дәрігерлерге қолдау көрсетуге белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар табыс етілді.
«Қаланың барлық тұрғындары, бүкіл ел және әлем халықтары сияқты, қиын кезеңдерді бастан өткеруде. Тек бірлік пен алматылық ынтымақтастықтың арқасында біз қиындықтарды бірге еңсереміз. Бұл күндері қала тұрғындары бір-біріне өзара көмек пен қолдаудың жарқын үлгісін көрсетті», — деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.
«Халық алғысы» медалімен белсенділер М. Ізмакова — №1 балалар үйінің балаларына, Г. Бақбергенова — аз қамтылған және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсеткені үшін марапатталды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Б. Кенішқалиев пен А. Әбішев болды. Қала әкімінің атынан алғыс хаттар қоғам қайраткерлері А. Әлжанова мен И. Виговскаяға, Қызыл Ай еріктілері А. Журсиналиеваға, Қазақстан Еріктілер лигасы — Б. Анарбаеваға, «Клуб добряков Алматы» жетекшісі — М. Мырзахметоваға, «Дарим радость» қорының жетекшісі — К. Ударцева, «Lider.kz» ҚҚ мүшесі Р. Тохтабакиева, сондай-ақ белсенділер А. Мұхамеджанов, Б. Құсайынов, Р. Сармурзаков және т. б. қатысты.
Жалпы, пандемия кезінде халыққа түрлі көмек көрсеткен қоғамдық ұйымдардың 30-дан астам өкілінің еңбегі атап өтілді.
«Біз марапаттар үшін жұмыс істемейміз. Бірақ біздің жұмысымызды көріп, бағалағаны әрқашан жағымды. Дегенмен, адамдар біздің жұмыс істейтінімізді байқайды және қоғам көреді. Бұл-ең бастысы», — деді қоғамдық бірлестіктің еріктісі «Lider.kz» Раногуль Тохтабакиева өзінің еңбегінің бағаланғаны алғысын білдірді. Пандемия кезінде осы ұйымның еріктілері Алматы қаласы мен облыстағы қарт адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек таратуға көмектесті.
Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілі Ләззат Ибрагимова пандемия кезінде 16 мыңнан астам отбасыға, жалғызбасты зейнеткерлерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтықтарымен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Сондай-ақ, ұйым COVID-19 таралуын болдырмау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді.