Ол оңай олжаға кенелмек болғанын мойындады
СҚО бойынша Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, Аумақтық көліктік бақылау инспекциясы және Арнайы мониторинг топ Қызылжар өңіріне қатынайтын теміржол көліктерін тексерді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тексеру барысында «Алматы-Петропавл» бағытындағы жүрдек пойызға билетсіз мінген 2 жолаушы ұсталған. Ал, жолсерік вагонға билетсіз адамдарды кіргізіп, ақша таппақ болғанын мойындаған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Оңай олжаға кенелмек болған теміржол қызметкері енді айыппұл төлейді.
Мамандар жүргізген мониторинг барысында вагондарда тазалық талаптарының сақталмауы да анықталған. Атап айтар болса, екі төсек жиынтығының қаптамасында оралған күні белгіленбеген. Аумақтық көлік инспекциясының мамандары аталған дерекке қатысты да тиісті шара қолданатындарын жеткізді.
Солтүстік Қазақстан аумағында жүргізілген рейдтер барысында барлығы 51 пойыз тексерілген. Билетсіз жүру фактісі бойынша 24 әкімшілік хаттама толтырылған. Айыптылардан 150 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО