Шығынға батқан Петропавл автовокзалы саудаға шығарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Автовокзал 400 млн теңгеге бағаланып отыр

Фото: ашық дереккөзден

Коронавирус пандемиясына байланысты карантиндік шаралардың кесірінен  9 ай бойы жұмысы тұралап қалған Петропавл автовокзалы шаш етектен шығынға батты. Жолаушылар тасымалы бірден 4 есеге қысқарған. Кәсіпорын өткен жылды 9 млн теңге көлемінде шығынмен жапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.     

ЖОЛАУШЫЛАР САНКЦИЯЛАНБАҒАН ТАКСИ ҚЫЗМЕТІН ТАҢДАЙДЫ

Коронавирус пандемиясына байланысты карантиндік шаралар қабылданғанға дейін Петропавл вокзалы аудан, қала тіпті, халықаралық бағыттарда қызмет көрсеткен. Былтырдан бері жұмыс көлемі бірден 50 пайызға төмендеген. Оған демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысына салынған тыйым мен санкцияланбаған такси қызметі себеп болып отыр. Көпшіліктің таңдауы қоғамдық көлік қызметінен гөрі, бағасы сәл қымбат болса да таксиге түседі.

«Автовокзалдың жағдайы қиындап кетті. Жолаушылар саны 4 есе қысқарды. Біз бүгінгі күні жұмыс істегеннен көрі, өлместің қамымен жүрміз. Әріптестік жасап келген тасымалдаушылар амалсыздан бірінен соң бірі өз бағыттарын жауып жатыр. Автовокзалдың меншігінде техника жоқ. Біздің жұмысымызды заңсыз такси қызметі де бөгеп тұр. Олар біздің аумағымызға келіп, клиенттерді алып кетеді. Олар жеңіл көлікпен ғана  емес, шағын автобустармен де  жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Тасымалдаушыларымыз жарты жылдан бері  жақын қалаларға да шыға алмайды Жұмысты тоқтатып, нысанды сатудан басқа амалымыз қалмады. Автобустардың қаңтарулы тұрғанына бір жылға жуықтап қалды. Қаншама адам жұмыссыз қалып жатыр. Карантин ешкімге аяушылық танытып жатқан жоқ»,- дейді дейді «Петропавл автовокзалы» ЖШС директоры Александра Сысоева.

АВТОВОКЗАЛ 400 МЛН ТЕҢГЕГЕ БАҒАЛАНЫП ОТЫР

Пандемияға дейін автовокзал арқылы 140 халықаралық және республикалық бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынаған еді. Олардың қызметін күн сайын орта есеппен 2500 адам пайдаланған. Өткен жылдың 5 шілдесінен бастап енгізілген шектеу шаралары автовокзал жұмысын толықтай тежеген. Соның кесірінен кәсіпорын шығынға батқан. 

Тығырыққа тірелген кәсіпорын басшылығы жанайғайын «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандарына жеткізген. Аталған ұйым сарапшысы Ольга Достлердің айтуынша, вокзал басшылығы карантин кезіндегі жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған. 

«Республика бас мемлекеттік санитар дәрігерінің № 68 қаулысы №4 қосымшасына сәйкес /2020 жыл,  25 желтоқсан/ өңір «сары» және «жасыл» аймақта болса, қалааралық, облысаралық тұрақты автобустар мен шағын автобустар 300 шақырымға дейін жүре алады делінген. Алайда, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстары коронавирустың таралуы бойынша 2020 жылдың 25 желтоқсанынан 2021 жылдың 9 қаңтарына дейін  «сары аймақта» бола тұра, бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Сондай-ақ 2020 жылдың тамызында кәсіпорын «ИнфоҚазақстан» электронды платформасы арқылы санитарлық талаптарға сай келетінін растап, өз жұмысын жалғастыруға рұқсат алған. Бірақ белгісіз себептермен іске кіріспеген. Облыстың бас санитар дәрігерінің № 40 қаулысы қатаң шектеу шаралары енгізілген елдімекендерді қоспағанда, автовокзал, автостансалардың жұмысына, қаларалық, облысаралық тасымалмен айналысуға рұқсат береді», - дейді Достлер.

Әзірге Петропавл автовокзалы Көкшетау, Щучинск және Бурабай бағытында жолаушыларды тасымалдауға құқылы. Оның өзінде екі облыс та «қызыл» аймақта болмауы шарт. 

Автовокзал басшылығы жолаушыларды тасымалдауға рұқсат етілген ара қашықтықты 500 шақырымға дейін ұзартуды сұрап отыр. Олар әр 2–2,5 сағат сайын жолаушылардың маскаларын ауыстыруға кепіл беруге әзір. Сонымен бірге автокөлікті санитарлық тазалау талаптарын да қайта қарап, тәулігіне екеуге дейін қысқарту қажеттігін өтінген. Мұндай өзгерістер көршілес Қостанай облысына ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласына да рейсті жіберуге мүмкіндік бермек. 

Мамандар аталған мәселеге қатысты нақты шешім коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданатынын жеткізді.  

АВТОВОКЗАЛ БАНКРОТҚА ҰШЫРАҒАН НЫСАНДАР ТІЗІМІН ТОЛЫҚТЫРУЫ МҮМКІН

Александра Сысоева карантин кесірінен бір жылға жуық уақыт аралығында 1,4 миллиард теңге кірістен қағылғанын айтып отыр. Кәсіпкер автовокзал ғимаратын саудаға қойса да, оны сақтап қалудың амалдарын қарастыруда. Алайда карантиндік жағдай тұрақталмай, жолаушылар тасымалы саласының оңалмасы анық. Осыған дейін Солтүстік Қазақстан өңірінің «сарыдан» гөрі «қызыл» аймақта болған уақыты басым. Ал пайдасынан  шығыны көп автовокзалдың саудаға шығарылғанымен, сатылуы жайлы болжам жасау қиын. Сондықтан, Петропавл автовокзалы да карантиннің кесірінен банкротқа ұшырап, жабылып қалған нысандардың тізімін толықтыруы әбден мүмкін. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Тегтер: