Қазақстанда онкологиялық ауру жылдан жылға жасарып барады

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққандар артып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Дәрігерлер кеселдің жылдан-жылға жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі екен. Бүгінгі күні диспансерілік есепте 190 мың науқас тұр. Аты жаман кеселден жылына 14 мыңнан астам адам бақилық болады.

22 жылдық тәжірибесі бар онколог маманның айтуынша, асқазан, өкпе, сүт безінің қатерлі ісігі көбейген.  Әсіресе, сүт безі 2008 жылдан бастап бірінші орында екен. Дәрігер салауатты өмір салтын ұстанбаудың соңы ауруға әкелетінін ескертті. 

«Осы үш ағзада ең көп кездесетіні қатерлі ісік. Енді терінің қатерлі ісігі, мелономасы деген ауру бар. Олар жеңіл емделетін болғандықтан, оларды мен тізімге қосқым келмеді. Терінің қатерлі ісігін алып тастасаң емделіп кетеді бірінші, екінші сатысында. Одан кейін біз  5 жылдан кейін есептен де шығарып тасатаймыз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы көпсалалық медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары.

Қатерлі ісік ауруын емдеу бойынша да, Қазақстан алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Тіпті, біздегі озық  құрылғылардың бірқатары ТМД елдерінің барлығында кездесе бермей көрінеді. Ал, науқастарды сауықтыру  әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жүргізіледі екен. Хирургиялық, радиологиялық, химиялық жолмен жасалатын емдеу әдістері де жоғары деңгейде қолға алынған деп отыр.