ШұғылЕлімізде коронавирустан жазылғандар саны 196 мыңнан асты

Коронавирусқа қарсы вакцина халал ма – ДСМ жауабы

Бас санитар ең алдымен вакцинаның тиімділігі маңызды екенін айтты

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Жақында Ресей мұсылмандары діни басқармасындағылар коронавирусқа қарсы вакцинаны жасап шығарған Н.Ф.Гамалеи атындағы ұлттық зерттеу орталығына хат жолдап, «Спутник V» екпесінің құрамын ашық көрсетуді талап етті. Сондай-ақ өнімнің діни көзқарас тұрғысынан кереғар келмейтін тұстары туралы да айтуды сұрады.

Бұл жағдай Қазақстан қоғамнында да талқыланып, «Вакцина халал ма?» деген сұрақ туындады. Осы сұраққа Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары, Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов жауап берді.

«Вакцинаның халал, не халал еместігі медицина саласына қатысты емес. Көптеген ислам мемлекеттерінде де вакцинациялау жүріп жатыр. Бұл вакцинаның күрделі жағдайда жасалып шыққанын ескеру керек. Оған қоса, сұраныс пен қажеттілік те басым. Өйткені коронавирустың таралу қаупі әлі де жоғары. Сондықтан вакциналардың халал, не халал еместігі қазіргі уақытта қаралып жатқан жоқ», - деді Ерлан Қиясов.

Сондай-ақ вице-министр қазір ең бірінші кезекте вакцинаның тиімділігі маңызды екенін ескертті.

Жақында осы мәселеге қатысты «Нұр-Мүбəрак» университеті жанындағы мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы да жауап берген еді.

«Вакцинаның адалдығын дін анықтамайды. Оның адалдығы - адам денсаулығына зиянсыз әрі пайдалы болуы. Ал ол уақыттың, кәсіби мамандардың еншісіндегі дүние. Бұл салаға тікелей дінді араластыру қате», - деп жазды ол.

Әсер Оршыбекова, Нұр-Сұлтан