Жоғарғы сот кеңесі Шиелі аудандық сот төрағасының заңсыздықтарын растады

Автор: Azattyq Rýhy

Оған қатысты қандай шара өрілетіні әлі белгісіз

Фотоколлаж

Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаевтың заңға қайшы әрекеттері Жоғарғы сот кеңесінде қаралмақ. Қызылордалық судья Конституциялық заң талаптарын өрескел бұзған, деп хабарлайды Жоғарғы соттың өкілі Azattyq Rýhy тілшісіне.

Бұған дейін Күздеубаевтың қоластындағы қызметкерлеріне қатысты әрекеті және карантин талабын бұзғаны туралы бірнеше рет жазған болатынбыз. Басшысының үстінен арызданған судья Гүлнұр Құрманбайдың айуынша, сот төрағасы оның кабинетінің есігін бұзып ашып, құжаттарды қолды қылу арқылы, өзгенің атынан жалған сот шешімдерін шығарған.

Аталған жағдайға қатысты тексеріс жүргізген Жоғарғы сот, заңсыздықтардың болғанын растады. Жоғарғы соттың жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің ақпаратынша, мемлекеттік лауазымды қызметтің атына кір келтірген М.Күздеубаевқа шара қолдану туралы ұсыныс қабылданған.

«Судья Ғ.Құрманбайдың шағымдары негізінде Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаевқа қатысты Жоғарғы сот Департаменті тарапынан қызметтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде Ғ.Құрманбайдың шағымында көрсетілген уәждер ішінара расталды. 2020 жылғы 15 желтоқсанда Жоғарғы сот Төрағасы Қызылорда облыстық соты төрағасының ұсынысы негізінде Жоғары сот кеңесі жанындағы сот жюриіне «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін М.Күздеубаев пен А.Жолдыбаевты тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін ұсыныс енгізді. Түпкілікті шешімді Жоғары сот кеңесі жанындағы Ссот жюриі қабылдайды», - деді ҚР Жоғарғы соты Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Е.Жұмақсанов Azattyq Rýhy тілшісіне берген жауабында.

Күздеубаевтың карантин уақытында тойға барып, кішкентай баланың тұсауын кескен видеосы да әлеуметтік желілерде кең тарап, қызу талқыланған болатын. Ол үшін сот төрағасы тәртіптік шарамен құтылған.

«2020 жылғы 11 желтоқсанда М.Күздеубаевтың карантин талаптарын бұза отырып, Шиелі кентінде орналасқан мейрамханаға бару фактісі бойынша материалдар Судьялар одағының Қызылорда облыстық филиалының Әдеп жөніндегі комиссияның қарауына жіберілген. 14 желтоқсанда Комиссияның хаттамалық шешімімен судья әдебіне қайшы келетін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін М.Күздеубаевқа қоғамдық мінеу түріндегі тәртіптік шара қолданылды», - делінген Жоғарғы Соттың жауабында.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы