$ 511.59  575.28  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.01.2021, 18:23
Қоғам

«1200 адам жұмыссыз қалады»: Алматыда 4,5 млрд теңгеге салынған логистикалық орталықты бұзғалы жатыр

Аймақтағы ең ірі логистикалық кешеннің тағдыры қыл үстінде тұр

«1200 адам жұмыссыз қалады»: Алматыда 4,5 млрд теңгеге салынған логистикалық орталықты бұзғалы жатыр

Кедендік рәсімдеу, тауарды сақтау және аймақтарға жөнелту қызметтерін көрсететін логистикалық орталықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі сотқа бергенін бұған дейін хабарлағанбыз. Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы былтыр шілде айында логистикалық кешенді үш айдың ішінде бұзу туралы шешім шығарған. Аумағы 20 мың шаршы метрді алып жатқан кешен Қазақстан Қарулы күштерінің жеріне салынған екен. Ат шаптырым дерді алып жатқан ғимаратты сүру туралы Қорғаныс министрлігі сотқа талап арыз түсірген. Орталық Азияда теңдесі жоқ кешен 2015 жылы Елбасының қатысуымен салтанатты жағдайда ашылып, оның құрылысан бюджеттен 4,5 млрд теңге қаржы жұмсалған.

Жұмыс істеп тұрған кешенге соңғы 5 жылда елдегі ең ірі компаниялар өз тауарын сақтауға мүмкіндік алған. Барлығы 50-ге жуық кәсіпорын шетелден келетін түрлі тауарларды осы жерде кедендік рәсімдеуден өткізіп, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіп отыр. Көпфункционалды логистикалық хаб Алматы үшін азық-түлік белдеуін қалыптасыру, пандемия кезінде фармацевтикалық өнімдерді сақтау үшін керек болған. Нысан Президенттің индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған.

Орталық басшылары сотқа шағым түсіргенімен, олардың арызы әліге дейін қаралмай отырғанын айтады.

«Біз аппелляциялық шағым бердік. Бірақ сот ол бойынша арызды әлі қараған жоқ. Жағдай өзгерген жоқ десе де болады. Сот шешімі сол күйінде қалды. Алматы қалалық сотына қайта шағымданған болатынбыз. Қараша айында шағым түсірген едік, іс қаралған жоқ. Логистикалық орталық бұрынғыдай жұмыс істеп тұр. Қазір мыңнан астам адам жұмыс орнында. Бірақ екіұдай жағдайда отырмыз. Жұмысшылар алаңдаулы. Жер ұзақ уақыт қараусыз жатты. Ұшақтар ұшып қонуға кедергі дейді. Қорғаныс министрлігі сонда 2005 жылы құрылыс жүріп жатқанда неге даурықпады? Тіпті, 2015 жылы нысан құрлысы бітіп, жұмысын бастағанда неге келмеді? Бұған енді нақты біреулер көз тігіп отыр. Түркісіб ауданында жер учаскесі жетеді. Бес жылдан соң жұмысымыздың нәтижесін енді көреміз деп отырғанда, қиындық жағдайға тап болдық», - деді логистикалық орталықтағы басқарушы компания басшысы Қайролла Әлішев.


Фотосуретте Қайролла Әлішев

Өңірдегі ең ірі кешен жабылса, нарықта тауар бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Одан бөлек 1200 адам жұмыссыз қалады. Яғни, осыншама лтбасы қиындыққа тап болады. Сондай-ақ, осы күнге дейін жүктерін сақтап келген Алматыдағы ең ірі кәсіпорындар басқа қойма іздеуге мәжбүр болады. Өзге сақтау орындары дәрі-дәрмек, азық-түлік өзге де халық тұтынатын тауарлар үшін қолайлы ма деген мәселе күн тәртібінде тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінен Алматыға тасылып жатқан антибиотиктер, вакцина, пандемияға қарсы дәрілер мен азық-түліктің 70% осы кешен арқылы өтеді дейді орталық қызметкерлері.

Әсем Диханбаева көпфункционалды «Global Ecological Group Almaty» (GEGA) логистикалық кешенінде 5 жылдан бері жұмыс істейді. Түркісіб ауданының тұрғыны Алматы облысы Райымбек ауданынан көшіп келген соң, отбасын асырау үшін осы жерге жұмысшы болып орналасқан. Тұрақты жалақысы бар. Жалғызбасты әйел қойма сүріледі дегенді естігенде «төбемнен жай түскендей» болды дейді.

«Осы мекемеде жұмыс істегеніме 5 жыл болды. Бұл жерде мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Көпбалалы аналар, мен сияқты жалғыз басты аналар, зейнет жасына жақындап қалған адамдар да жұмыс істеп жатыр. Қазір 40 жастан асқан адамдарға қайтадан жұмыс табу қиын. біз тұрғылықты жерімізде істеп үйреніп қалдық. Осы жер қиратылады дегенде жаман күй кештік. Егер бұзылса, жұмысты қайдан аламыз деген ой мазалап жүр. Осы қойманы қалдырса деген талабымыз бар», - дейді Әсем Диханбаева.

Ал Светлана Кучменко логистикалық орталықта ауысым бастығы болып еңбек етеді. Ол пандемия кезінде осы компания арқасында үкіметке қол жаймай күн көргенін айтады. Басшылары қызметкерлерге қаржылай қолдау да көрсеткен екен. Енді қазір тұрақты жұмыстан айрылып қалу қаупі төнгендіктен, жұмысшылардан маза қашыпты. Айта кету керек, мұнда еңбек ететіндердің 80 пайызы Алматы облысынан қатынайды.

«Компания коронавирусқа байланысты карантин уақытында еңбеккерлерге жақын жерден пәтер жалдап беріп, тамақпен қамтамасыз етті. Қазір мемлекет үшін дағдарыс кезеңі болып тұр. Осындай стратегиялық нысанды сот арқылы жауып тастаса, бизнеске жасаған қиянат деп ойлаймыз. Біз биліктен, үкіметтен жұмыс орнымызды қысқартпауды сұраймыз», - дейді кешеннің жұмысшысы.

Мұнда жүгін сақтайтын кәсіпкерлер де Қазақстанды былай қойғанда, Орталық Азияның өзінде мұндай логистикалық кешеннің жоқ екенін айтады. Егер нысан бұзылса олар шығынға шаш етектен батуы мүмкін.

«Кешен бұзылса ең алдымен бағаға кері әсерін тигізеді. Дәрі-дәрмек, тұрмыстық техника, азық-түлік – бәрі қымбаттайды. Қоймада 46 мың куб тауар сақтаулы тұр. Бір 40 тонналық жүк көлігі өзіне 33 палетті сала алады. Бұл 33 куб деген сөз. Осы жердегі барлық тауарды алып кету үшін 1200 жүк көлігі керек.  Осы мыңнан астам көлікке мұндағы тауарларды басып шығу үшін үш 24 сағат үздіксіз жұмыс істегенде 3 ай уақыт қажет екен. Ал, оны апаратын жеріміз де жоқ», - дейді қойманы жалға алушы кәсіпкер.

Қорғаныс министрлігі нысан 28 қазанға дейін бұзылуы тиіс, деп мәлімдеген болатын. Бірақ Көпфункционалды «Global Ecological Group Almaty» (GEGA) логистикалық кешені өкілдері сот шешімінің орындалуын кері қайтару туралы өтініш білдірген. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі Ғани Нүсіпов айтты.

«Қазіргі уақытта логистикалық орталық сот шешімін орындау үшін қосымша уақыт сұраған. Жерді босату бойынша сот шешімі әлі орындалған жоқ. Нақты қанша уақытқа алғаны туралы ақпаратты айта алмаймын. Министрлік сотты ұтты, олар босатуы керек. Біздің талап өзгерген жоқ, бұрынғыдай жерді қайтарып беруді сұрап отырмыз. Себебі қойма кешені әскери ұшақтардың ұшу жолағына жақын орналасқан», - дейді Ғ.Нүсіпов.

Орталық Азияда теңдесі жоқ кешеннің тұсауы 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Көпфункционалды логистикалық хаб Алматы үшін азық-түлік белдеуін қалыптасыру, пандемия кезінде фармацевтикалық өнімдерді сақтау үшін керек болатын.

Қорғаныс министрлігі бұған дейін қойма орналасқан жер қарулы күштерге қарасты, Кеңес үкіметі тараған соң жер телімі қараусыз қалғанын айтқан еді. Аумағы 15 гектар жерді жеке компания 2005 жылы Алматы қаласы әкімдігінен 28 қарашадағы N5/726-1660 қаулы негізінде 130 млн теңгеге сатып алған. Ал орталықтың құрылысы 2007 жылы басталып, 2015 жылы Ахметжан Есімов пен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен іске қосылған. Оның маңызы туралы БАҚ беттерінде жазылып, «А+» санатындағы тұңғыш орталық екені айтылады.

Былтыр кешен бюджетке 300 млн теңге қаражат құйған. Ал, хабтың құрылысына өз қаражатын қосқанда 5,5 млрд теңге жұмсадық деп отырған инвесторлар жер телімін өз еркімен босатуға асығар емес. Басқарушы компанияның өкілі Әсел Сергенова мұны пандемия жағдайында бизнеске көрсетіліп отырған қысым және мемлекет қаражатын аяқ асты ету деп есептейді. Логистикалық компания сот органдары істі қайта қарап, кешеннің жұмысын тоқтатпайды деген үмітте.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары