Талғар ауданы әкімдігінде не болып жатыр? Әкім мен орынбасарын жұмадан бері ешкім көрмеген

Автор: Azattyq Rýhy

Антикор әлі ресми ақпарат берген жоқ

Талғар ауданы әкімі мен оның «командасы» жемқорлықпен ұсталды деген сыбыс соңғы бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бұл жайында ресми мәлімет бермегендіктен, Azattyq Ruhy тілшісі аудандық әкімдікке барып, мән-жайды білмек болды.

Әкім Серікжан Ерекешевтің орынбасарлары басшының өткен сенбіден бері жұмысқа шықпағанын айтады. Ал, Қайдар Әбдіхановты (аудан әкімінің орынбасары) 23 қаңтар күні антикор қызметкерлері шақырып, сұрақ астына алыпты. Сондай-ақ, олар кейбір құжаттарды алып кеткен. Әкім орынбасары басшысының ұсталғаны туралы әңгімені әлеуметтік желілерден оқығанын, ресми мәлімет білмейтінін айтты.

Аудан әкімінің тағы бір орынбасары Дәркен Нұржанов көрші кабинетте отыратын әріптесі Ахмет Әшімақынды соңғы рет өткен жұма күні көргенін айтты. Ал өзіне тікелей бағынатын ТҮК бөлімі басшысы Асқар Шамаевтың телефоны өшірулі екенін, дүйсенбі жұмысқа келмегенін растады.

Аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ахмет Әшімақын мен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асқар Шамаевтың ескертусіз жұмысқа шықпағанын Талғар ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы Анар Қанатова да жоққа шығарған жоқ. «Олардың ешбірі іс-сапарға немесе еңбек демалысына арыз жазған жоқ. Жұмыста болуы керек еді. Бірақ келмеді», - дейді кадр бөлімінің жетекшісі.  

Жергілікті белсенді азаматтардың бірі Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Іле ауданынан ауысып келген жаңа әкім өз командасымен бірге жұмысқа кіріскенін айтты. Ауданның аппарат жетекшісі – Серікжан Ерекешевтің серігі, ал жақында Талғар ауданы мәслихатының хатшылығына сайланған азамат бұрынғы көмекшісі болған дейді. Тұрғын Асылбек Қараевтың айтуынша, олар да қазір күдікті ретінде сұралып жатқан көрінеді.

Сенімді дереккөздері өткен демалыс күндері Талғарда 12 адамның күдікті ретінде ұсталғанын айтады. Алайда, олардың ішінде тек Серікжан Ерекешев қана қамауда отырған көрінеді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы