Инспекция барыс терісіне қатысты арнайы тексеру жүргізетін болды
Танымал блогер, эко-белсенді Сәкен Ділдахмет Facebook желісіндегі парақшасында танымал спортшы Жаңқош Тұраровтың Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың кабинетінде түскен бірнеше суретін жариялап, қар барысы мен сілеусіннің терісі, арыстанның тұлыбы академия басшысының кабинетінде қалай тап болғанын сұрады.
Эко-белсенді жариялаған сурет желі қолданушыларының ашуын туғызып, бұл жағдайға қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми өкілі пікір білдірді.
«Желіде тараған бұл сурет бізді де бей-жай қалдырмады. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біздің ортақ міндетіміз - Қызыл кітаптағы жануарларды тұрмыстық мақсатта қолдану емес, қорғау мен сақтап қалу. Суреттерде қар барысының, сілеусіннің терісі мен арыстанның тұлыбы барына назар аударғымыз келеді. Қазақстанда арыстан өмір сүрмейді. Сондықтан сурет Қазақстанда немесе шетелде түсірілгенін анықтауымыз қажет», - деді ведомстводағылар.
Сондай-ақ Экология министрлігінің ресми өкілі Самал Ибраева инспекция барыс терісіне байланысты арнайы тексеру жүргізетінін айтты.
«Сілеусіннің тұлыбына қатысты айтар болсақ, Қазақстанда Қызыл кітаптағы Түркістан сілеусінін аулауға тыйым салынған. Ал суреттегі жабайы мысықтың қарапайым түрі екені көрініп тұр. Оларды аңшылық маусымы кезінде аулауға болады. Суреттегі барыс терісіне байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы құқық қорғау органдарынан жағдайды тексеріп, тиісті шара қабылдауды сұрайды. Біз аталған мәселені бақылауда ұстап, азаматтарды хабардар етіп отырамыз. Барыстың Қызыл кітаптағы аң екенін, оны аулауға қатаң тыйым салынғанын тағы да естеріңізге саламыз», - деді.