Ішкі істер министрлігі елге уақытша келген шетелдіктердің мәртебесін заңдастыруға және ҚР заңнамасын бұзуға жол бермеуге мүмкіндік беретін шешімдер қабылдады. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия елде уақытша болатын шетелдіктер мәртебесін заңдастыруға және Қазақстан заңнамасының бұзылуына жол бермеуге мүмкіндік беретін шешім қабылдады. Негізгі назар отбасымен қосылуға келген шетелдіктерге, құжаттардың қолданылу мерзімі өткен азаматтарға, сондай-ақ еңбек иммигранттарына аударылды», - деді Сабыржан Сейітжанов.
ІІМ пандемияға байланысты Қазақстанға келген шетелдіктерге қатысты бірқатар шешім қабылдады:
- жол жүру құжаттарының, шетелдіктің елде тұру ықтиярхатының, Қазақстан визасының, елде уақытша болуға рұқсат етілген мерзімі өтіп кеткен немесе мерзімі 2021 жылғы 5 маусымға дейін аяқталатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, елден шығуына рұқсат берілді;
- шетелдіктердің азаматтығы бар елімен немесе тұрақты тұратын елмен тікелей көлік қатынасы (авиа, авто және темір жол қатынастары, сондай-ақ жаяу) және транзиттік жол жүру мүмкіндігі болмаған жағдайда шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың елден шығару туралы сот шешімінің мерзімін өздігінен орындауы тоқтатылды.
- шетелдіктердің елде болу мерзімі 2021 жылғы 5 маусымға дейін ұзартылады (виза, уақытша тұруға рұқсат):
- еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаты немесе өздігінен жұмысқа тұруға арналған тиісті біліктілігі туралы жергілікті атқарушы орган берген анықтамасы барларға виза, уақытша тұруға рұқсат шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның елге келу мақсатының талаптарын ескерусіз беріледі;
- Қазақстан аумағында отбасымен қосылу мақсатымен жүрген және құжаттарды азаматтығының елінен ұсына алмайтындарға виза шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның елге келу мақсатының талаптарын ескерусіз беріледі;
- рұқсатты беру, ұзарту, қайта ресімдеу туралы өтінішпен жүгінген еңбекші иммигрантқа «Көші-қон туралы» ҚР заңының 43-1-бабы 2-тармағының талаптарын ескерусіз ресімделеді.
Сондай-ақ комитет төрағасының орынбасары 2021 жылғы 1 қаңтар мен 5 маусым аралығында заңды түрде оң мәртебесін реттемеген шетелдіктер құқықтық жауапкершіліктен босатылмайтынын ескертті.