ШҚО-да Татуласу орталығы ашылды
Өткен жылы облыста 26 959 істің 5 674-і тараптардың татуласуымен аяқталған
ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен Өскемен қаласында Татуласу орталығының салтанатты ашылуы өтті. Шараға Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков, Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев, кәсіби медиаторлар, адвокаттар, отбасылық кеңесшілер, конфликтологтар мен БАҚ қатысты.
Татуласу орталығы ашылуы тұрғындарға даулар мен жанжалдарды бітімгершілік рәсімдері арқылы шешуге мүмкіндік береді. Мұнда жүгінгендерге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп қана қоймай, дауды шешудің балама жолдары ұсынылады. Тараптардың татуласуына, сенімді диалог пен өзара тиімді шешімдер қабылдауына ықпал етеді.
«Өкінішке қарай, соңғы уақытта елімізде және біздің облысымызда ажырасу оқиғалары жиілеп бара жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан азаматтық қоғам жағдайында бітімгершілік рәсімдерге бағытталған барлық әдістер маңызды. Татуласу орталығы жақсы нәтиже береді деп үміттенемін, өйткені, отбасы – мемлекет негізі. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтауымыз керек. Жалпы, орталық өте жайлы, жарық. Қызметтеріңіздің жемісті болуын тілеймін», - деді Даниал Ахметов.
Бітімгершілік рәсімдері тараптарға кездесу уақытын өздері анықтауға мүмкіндік беріп, дауды соттан тыс реттейді. Яғни, Татуласу орталығында тек кәсіби медиаторлар мен психологтар кеңес береді. Аталған орталық сервистік-күту, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағынан тұрады және мұнда барлығы 5 маман қызмет етеді.
«Татуластыру рәсімдері адамдарға келісімге, ымыраға келуге және екі тарап үшін де тиімді нұсқаны табуға мүмкіндік береді. Сот дауды шешу кезінде тараптардың біреуінің пайдасына шешім шығарады, ал сот шешімі екі тарапты да қанағаттандырған кездер өте сирек болады. Татуласу орталығының жұмысы, халық арасындағы қақтығыстар деңгейін едәуір төмендетеді, құқықтық мәдениеттің жоғарылауына ықпал етіп, дауларды сотқа дейінгі реттеуді кеңінен насихаттауға ықпал ететініне сенімдімін», - деді Нұрлан Қайырбеков.
Айта кету керек, республикада Шығыс Қазақстан облысы бітімгершілік рәсімі бойынша алдыңғы қатарда. Өткен жылдың өзінде облыста 26959 істің 5674-і тараптардың татуласуымен аяқталған.