Бітіруші сынып оқушылары пәндердің 70%-ын дәстүрлі форматта оқиды
Оқу жылының ІІІ тоқсанынан бастап орта мектептердегі бітіруші сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқиды. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова мәлімдеді.
III тоқсаннан бастап 1-5 сынып оқушылары үшін оқу процесі кезекші сыныптарда жалғасады. Санитарлық талаптарға сай мектептерде бір сыныпта 15 адамнан артық адам болмауы тиіс. Ал оқушылар саны 300-ден аспайтын орта білім мекемелері оффлайн форматта білім беретін болады.
«Бұл тоқсанның ерекшелігі - 9-11 сыныптар жалпы білім беретін мектептерде және халықаралық мектептерде оқыту форматын штаттық режимде жүргізілу басталды. Аталған сыныптарда оқыту бойынша пәндердің 70%-ы дәстүрлі форматта, ал 30%-ы қашықтан оқытылады», - деді Шолпан Каринова.
Айта кететін бір жайт, аталған категориядағы оқушылар үшін мектеп жанынан құрылған интернаттарда тұруға рұқсат берілді.
Сондай-ақ кәсіби-техникалық білім беру мекемелері студенттерінің бір бөлігі ІІ семестрден бастап дәсүрлі форматта оқуға көшеді.
«Қаңтар айының 18-інен бастап колледждердің 1 курс студенттері (150 мыңға жуық студент) штаттық жүйеде білім алады. Бұл жерде де оқыту пәндерінің 70 %-ы дәстүрлі форматта, ал 30%-ы қашықтан оқытылады», - деді вице-министр.
Аудиториялық сабақтың ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Вице-министрдің айтуынша, ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 97 колледж студенттері үшін оқытуды дәстүрлі форматта ұйымдастырады.
Бүгінде қазақстандық мектептерде барлығы 3,4 млн оқушы білім алуда. Оқушылардың 58,3 пайызы қашықтан білім алса, 41,7 пайызы штаттық форматта оқуға ауыстырылды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан