Қызылорда облысында оқушылар саны 300-ге дейінгі мектептер дәстүрлі форматқа көшеді
Облыста 6 қаңтардан бастап карантин талаптары жеңілдетіледі

Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Динара Жаңабергенова жаңа қаулысы жарияланды. Қаулыға сәйкес, 6 қаңтардан бастап азық-түлік дүкендері, шағын маркеттер, сұлулық салоны, шаштараз, супермаркет, гипермаркет, ашық базарлар, азық-түлік емес дүкендер, сауна, спа-орталық, монша штаттық режимдегі уақыты бойынша жұмыс жасайды. Дәл осындай жеңілдік спорттық-сауықтыру, сауда-ойын-сауық, балалар мен ересектердің білім беру, бизнес орталықтары, кинотеатрға да жасалады.
2021 жылғы №1 қаулыға сәйкес бірқатар шектеу шаралары сақталған. Ол кальянды пайдалануға, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды өткізу бойынша сақталады. Сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды, букмекерлік кеңсе, балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметіне, спортшылардың өзге елдегі жарысқа қатысуына да осындай шектеу болады.
Ал жолаушылар пойызына, ашық ауадағы жаттығуға, ұлттық құрама, клуб командаларының спорттық жаттығуына, қаржы ұйымдарына, көрермендердің қатысуынсыз, бір мезгілде 100 адамнан асырмай республикалық жарыстарды өткізуге, бір мезгілде 30 адамнан асырмай, облыстық командаларды даярлау үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге рұқсат беріледі.
«Оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап, контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін дәстүрлі форматта оқуға болады. Сондай-ақ, сыныптарды 15 баладан асырмай, ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін қоса алғанда кезекші сыныптарда оқытуға, оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға мүмкіндік жасалады. Оған қоса пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтықтан оқытуға, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілді. Екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін штаттық оқытуға көшеді», - делінген қаулыда.