Тоқаев қазақ тілін білмейтіндерге үндеу тастады

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде мақаласы жарияланды

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, тіпті, міндеті екенін айтты.

«Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда "Ештен кеш жақсы" деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», - делінген мақалада.

Сондай-ақ Президент мақаласында ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес екенін айтты. Айтуынша, барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала бермек.